Жыныстық тәрбие берудің жаңа үлгісі пайда болды
Опубликовано:
Мәжіліс депутаты Айткүл Самақованың мектеп оқушыларына жыныстық тәрбие берілуі тиіс деген ұсыныс айтуы мұң екен, қоғам өре түрегелді. Біреу депутаттың ұсынысын қос қолдап қолдаса, енді біреу "мұндай тәрбие беру біздің салтымызға жат" деді. Ал мұғалімдер тарапы мұндай жаңалыққа үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Самақованың "жас ұрпақ бәрін білуі тиіс" деген ұсынысы қалың жұртшылықтың әлі де назарынан түспепті. Жуырда жыныстық тәрбие берудің жаңа үлгісі пайда болды.
Рас, бүгінгі ұрпақ барлығынан хабардар. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміз жақ ашып, айта алмаған кейбір мәселелер жастардың арасында кеңінен талқыланады екен. Қазақстандық жыныстық және репродуктивтік денсаулықты сақтау ассоциациясы арнайы зерттеу жүргізіпті. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жастардың 46 пайызы жыныстық һәм репродуктивтік денсаулық хақындағы ақпаратты бір-бірінен естиді-міс. Осы жайтты ескерген ассоциация жаңа жобаны қолға алып отыр. Бұдан былай 15 және 25 жас аралығындағы жастар "жас еріктілер мектебінен" репродуктивтік денсаулық жөніндегі арнайы ақпараттарды біліп, өмірлік тәжірибе жинайды екен.
Әлбетте, мұндай тәрбиені мектеп мұғалімдері үйрете бермесі анық. Сол себепті бүгінгі жас ұрпақ жыныстық қатынастар һәм репродуктивтік денсаулықты өз арасында еркін талқыға салуы тиіс деп санайды ассоциация қызметкерлері. Жаңа жоба алдымен Алматы, Қостанай, Шымкент қалаларында жүзеге асырылады.
Алдыңғы буын аға-әпкелеріміз жақ ашып, айта алмаған кейбір мәселелер жастардың арасында кеңінен талқыланады екен.
"Қазақстанда жастардың жыныстық қатынасқа түсуі 14 жастан басталады. Дей тұрғанмен, жастардың көбісі сақтану жолдары мен шараларынан мүлдем бейхабар. Жастардың 40 пайызы алдымен жеңіл жүрісті аруларға барады екен. Ал қазақстандық ЖҚТБ орталығының мәлімдеуінше, қауіпті дертке шалдыққандардың басым бөлігі - 15-25 жас аралығындағы азаматтар. Ал жалпы жүктіліктің 11-16 пайызы ерте жүктілікке тиесілі" дейді жоба жетекшісі Карина Сағитова.
Міне, сандар осылай "сайрайды".
Жасыратыны жоқ, ерте жастан от басып, артынан бармақ тістейтін жастарымыз шын мәнінде аз емес. Тіпті ішке біткен шаранадан оңай "құтылатындардың" да басым бөлігін 14-18 жас аралығындағы қыздар құрайды.
Қарап тұрсақ, жастар көп ақпараттанып, көп білген сайын тыйым салынған әдетке үйірсек боп барады. Бір қарағанда, жастардың бір-бірін тәрбиелегені дұрыс-ақ. Әйткенмен, "Еріктілер мектебіне" барып, жыныстық мәселелер жөнінде ақпараттанған бала әлдеқайда сорақы қателікке бой алдырмай ма?" деген де үрей бар.
Психолог Нұржан Нұрпейісовтiң айтуынша, балалар арасында жыныстық тәрбиені мұншалықты насихаттауға да болмайды. "Әрине, жастардың басым бөлігі бұл жөнінде көшеден, даладағы достарынан біледі, үйренеді. Десек те, жетілу кезеңіне енді аяқ басқан 13-14 жасар жеткіншекке "былай жасайсың, қорғанасың" немесе "мынау дұрыс болар" деп үйретсек, олардың қызығушылығы арта түсуі де әбден мүмкін" дейді Нұржан Нұрпейісов. Расында, жастарға еркін тілдесудің алаңын ашып бергеннен не ұтамыз?
Қалай десек те, жас ұрпаққа жыныстық тәрбие беру мәселесі әлі де нақты шешімін таппай отыр. Қоғамымыздың орыстілді өкілдері "Бұл дұрыс. Жастар ерте жастан мұндай іске барады. Мұны біледі екен, онда қорғансын" деген шешімге де келген. Бірақ қазақ қоғамына бұл қаншалықты керек? Апа-әжелеріміз, әпкелеріміз жыныстық тәрбие дегенді естімей-ақ ақ, адал, пәк қалпын сақтаған еді. Бәлкім, мұндағы мәселе тәрбиеде емес, дұрыс тыйым салуда болар?! Қалай ойлайсыз?!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/215462-zhynystyk-terbie-berudin-zhana-ylgisi-pajda-boldy/