Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұйықтататын дәрілерден пайда жоқ": Шымкентте бұралқы иттерден зардап шеккендер саны артты

Жарияланған күні:

Бұралқы ит
Бұралқы ит. Көрнекі фото: pixabay.com

Соңғы кезде қаңғыбас иттерден зардап шеккендер саны көбейген. Жыл басынан бері бұралқы иттердің балаларға шабуылдауы бойынша 1000-ға жуық жағдайы тіркелді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Телеарнаның сайтында хабарланғандай, үйсіз-күйсіз, көше кезген төрт аяқты көп. Қаңғыбас иттерден жұрт үрейленіп жүргенін жасырмайды. Әсіресе ата-аналар мектепке баратын балалары үшін алаңдаулы.

"Нұрсәтте қоқыс жәшігінің жанында үнемі жабайы иттер жүреді. Балаларға алаңдап отырамыз. Өткенде көршімнің баласын ит тістеп алды", - дейді қала тұрғыны.

Жыл басынан бері бұралқы иттерден зардап шеккендер қатары көбейіп кеткен. Мұны дәрігерлер растап отыр. Соңғы кезде күніне 15-20 науқас осындай шағыммен ауруханаға түсетін көрінеді. Ал олардың басым бөлігі — балалар.

"Қаңғыбас иттерден зардап шеккендердің саны 16 пайызға өскен. Балалар арасында зардап шеккендердің саны артып жатыр. Аяқ-қолын, бетін ит тістеп тастаған балалар көп келеді", - дейді №2 қалалық аурухананың бөлімше меңгерушісі Мұхан Өтекеев.

Ал ветеринарлар соңғы кезде қаңғыбас иттерді аулау қиындап кетті дейді. Олар ұйықтататын препараттардан пайда болмай, бұралқы иттерден айырылып қалып жатқандарын айтады.

"Биыл 18 мың қаңғыбас ит пен мысық ұсталды. Олардың 2 мыңын зооволонтерлер алып кетті. Біз олардың кейінгі тағдырын білмейміз", - деді Шымкент қаласы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Аденов.

Биыл қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға бюджеттен 98 миллион теңге бөлінген. Қомақты қаражат қаралып отырса да, мегаполисте тек 4 бригада жұмыс істейді екен. Мамандар үй жануарларына жауапкершілікпен қарауға, оларды көшеде қараусыз тастамауға шақырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2158456-uiyqtatatyn-darilerden-paida-zhoq-shymkentte-buralqy-itterden-zardap-shekkender-sany-artty/