Шенеуніктер шаруаларды 92 млн теңге субсидиядан қаққан
Жарияланған күні:
Ауа арайына байланысты былтыр егінін жинай алмай, қарызға батқан шаруаларға шенеуніктер мемлекеттік қолдауға арналған қаржыны бермей қойған. Қостанай облысында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы шаруаларды 92 млн теңге субсидиядан қаққаны анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қостанай облысы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке 4 шаруашылық иесі облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мамандарының үстінен шағым түсірген. Олардың айтуынша, шенеуніктер оларға тиесілі субсидияны бермей, мемлекеттік қолдау қаржыдан заңсыз айырған.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент осы оқиғаларға қатысты тексеріс жүргізіп, шаруалардың құқын қорғапты. Субсидия бөлуден бас тарту жөніндегі шешімдерінің заңсыз екенін анықтады.
"Қостанай облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қызметкерлері өтінімді 10 күн қараудың орынына 4 ай созып жүріп алған. Екіншіден, қолданылған минералдық қосапалар мен егіс алқабының көлемін дұрыс есептемеген, тіпті базада тұрған құжаттарды әкелмеді деген де сылтаулар айтқан", - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Салықбаев.
Осы оқиғаға байланысты облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының екі маманы тексеріс аяқталмай жатып-ақ қызметінен босатылған.
"Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының 2 бөлім басшысына осы аталған жағдайға байланысты қатаң сөгіс жарияланды. Қалған қызметкерлер ол мекемеде жұмыс істемеуіне орай ешқандай жазаға тартылған жоқ", - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Салықбаев.
Қостанай облысында субсидияларды бөлумен қатар төлем жасауда да кедергілер көп. Мұның себебін билік өкілдері көбіне қаржы тапшылығына сілтейді. Бірінші маусымдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы техникасының инвестициялық субсидиясына 10 млрд теңге қарыз жиналған. Осы жылға бөлінген мемлекеттік көмек қаржы осы қарызды жабуға жұмсалыпты.
Автор: Айнұр Нұрмағанбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160672-sheneunikter-sharualardy-92-mln-tengge-subsidiiadan-qaqqan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.