Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада жолда төбелес шығарған көлік жүргізушілерінің бірі әскери қызметкер болып шықты

Жарияланған күні:

Сарбаз киімі
Сарбаз киімі. Көрнекі сурет: gov.kz/memleket

Астанада жол бөлісе алмай, төбелес шығарған көлік жүргізушілерінің бірі әскери қызметкер болып шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап хабарлайды.

Астана соттарының Telegram-дағы мәліметіне сүйенсек, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін А. мен К.-ға қатысты іс қаралған (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі).

Іс материалдарына сәйкес, А. және К. жолдың жүру бөлігінде төбелесіп, сол арқылы өз әрекеттерімен қоғамдық тәртіпті бұзған. Сот отырысы барысында құқықбұзушылар өз кінәсін толық мойындады.

Құқықбұзушылықтың мән-жайы құқық бұзушылық фактісінің бейнежазбасы, жүргізушілердің жазбаша түсіндірмелері арқылы расталды.

Осы ретте сот ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейтінін алға тартты.

"Жаза қолдану барысында сотпен жол қозғалысы қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық тәртіпке қол сұғатын құқық бұзушылық жасағаны, жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескерілді. Сот құқық бұзушы А.-ны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

Азамат К. әскери қызметші болып табылады және оқиға қызметтік міндеттерін атқару кезінде болған, осыған байланысты сот оны кінәлі деп танып, тәртіптік жаза қолдану үшін іс материалдарын әскери қызмет өткеру орнына жіберді. Себебі ӘҚБтК-нің 32-бабына сәйкес қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн тәртiптiк жарғылар бойынша жауаптылықта болады", - делінген хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, күні кеше Астанада көлік жүргізушілері жол бөлісе алмай төбелес шығарған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160768-astanada-zholda-tobeles-shygargan-kolik-zhurgizushilerining-biri-askeri-qyzmetker-bolyp-shyqty/