Алимент төлемеген павлодарлыққа 18 мың теңге айыппұл салынды
Жарияланған күні:
Павлодар облысының тұрғынына алимент төлемегені үшін 1 миллион теңгедей айыппұл салынды. Ол 5 жастағы баласына алимент төлемей келген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Соттың ресми Facebook парақшасында хабарланғандай, 2019 жылы туған кәмелетке толмаған балаға алимент төленбегені үшін іс қозғалған. Істі Ақтоғай аудандық соты қарады.
"Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, ресми түрде еш жерде жұмыс істемейтінін түсіндірді. Маусым айында 100 мың теңге төледі. Мүмкіндігінше алимент төлемін үзбеуге тырысатынын айтты", - деп хабарлады сот.
2024 жылдың басына қарай борышкердің алимент бойынша қарызы 968 877 теңге болған.
Сондай-ақ борышкерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілген.
"Сот актісі орындалмады, бұл өндіріп алушының құқықтарын бұзады", - деп анықтады сот.
Соттың қаулысымен ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 18 460 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігі бойынша сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамаған жеке тұлғаларға 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл салынып, не 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161747-aliment-tolemegen-pavlodarlyqqa-18-myng-tengge-aiyppul-salyndy/