Алматыда 13 адамның өмірін қиған хостелдегі өрт: іс сотқа жіберілді
Жарияланған күні:
Былтыр 30 қарашада Алматыда 13 адамның өліміне әкеп соқтырған хостелдегі өрт бойынша іске қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. Бұл туралы қалалық прокуратура өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақпарат".
Прокуратураның мәліметіне сәйкес, бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген (екі және одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан, оларды сақтауға жауапты адамның өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы).
"Екі адам айыпталушы ретінде жауап береді. Айыптау актісі бар қылмыстық іс Алмалы ауданының сотына қарау үшін жіберілді", - деп хабарлады қалалық прокуратурадан.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
Алматыдағы хостелде болған өрт
30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.
Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.
Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Кейін хостел иелері іздестіріліп жатқаны туралы хабарланған болатын.
Ал 1 желтоқсанда Алматыда 13 адам өрттен көз жұмған хостелдің егесі ұсталғаны туралы жазған едік. Арнайы прокурорлар "Алматы-Хостел" ғимаратындағы өрт оқиғасы бойынша қылмыстық істі тергеуге кіріскен. Мекемені жалға беруші қамауға алынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2163616-almatyda-13-adamnyng-omirin-qigan-hosteldegi-ort-is-sotqa-zhiberildi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.