Ұлытау облысында балабақша есепшісі есепшотына 15 млн теңгеден астам ақша аударған
Жарияланған күні:
Ұлытау облысында 15 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлағаны үшін балабақша есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сот өкілдерінің мәліметінше, балабақша бухгалтері қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі көлемде өзіне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлаған деп айыпталған.
"2021-2023 жылдары жалақысына коэффициентін жасанды түрде арттырып, банктегі шотына жалпы сомасы 15 миллионнан астам теңге аударған.
Сотталушы сотта бұл қылмысқа қаржылық қиындықтардан (қарызын өтеу мақсатында) барғанын түсіндірген", - делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, куәнің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, төлем құжаттарымен, сотта зерттелген тергеу және жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен расталған.
Шығынды толық өтеуі және асырауында үш кәмелетке толмаған баланың болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп танылған.
"Сотталушы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан және 10 жылға мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тауарлық-материалдық құндылықтарға билік етумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды", - делінген сот хабарламасында.
Қылмыстық кодекстің 63-бабына сүйене отырып, пробациялық бақылау белгіленіп, тағайындалған жаза шартты деп есептеледі.
Үкім заңды күшіне енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2164578-ulytau-oblysynda-balabaqsha-esepshisi-esepshotyna-15-mln-tenggeden-astam-aqsha-audargan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.