Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте азамат тұрғын үйге мұқтаж жандар тізімінен заңсыз шығарып тасталған

Жарияланған күні:

Тұрғын үй кешені
Тұрғын үй кешені. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында талап қоюшы А.-ның "Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы" мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығару әрекетін және хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы талап арызы қаралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық соттың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта анықталғандай, А. халықтың әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар тобындағы толық емес отбасы санаты бойынша тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың есебіне тұрған.

Басқарманың хаттамалық шешімі бойынша А. тұрғын үй кезегіне толық емес отбасы ретінде жанұя құрамы 5 адам болып тіркелген. Қазіргі таңда тіркеуде талап қоюшы және ұлы бар. Отбасының жанұя мүшелеріне шаққандағы кіріс көзі соңғы 12 айдағы күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициентінен асып тұр және талап қоюшының қызы К.-ның иелігінде болған пәтерін сатып алу-сату шартына сай меншіктен шығарылған деген негізбен талап қоюшы кезектен шығарылған.  

Ал Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына (бұдан әрі – Заң) сай, тұрғын үйге мұқтаж адамдардың ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару көзделмеген.

Сонымен қатар, А.-ның тұрмысқа шыққан қызының атына тіркелген тұрғын жайға қатысы бар деген жауапкердің тұжырымын сот негізсіз деп тапты.

Заң талаптарына сай, белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайды.

Сот талап қоюшы аталған Заң талаптарына сай есептен шығаруға жатпайды деген негізбен талапты қанағаттандырды. Шешім заңды күшіне енген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165362-shymkentte-azamat-turgyn-uige-muqtazh-zhandar-tiziminen-zangsyz-shygaryp-tastalgan/