"Жұмысқа кешіктік": Қостанайда автопарктегі өрттен кейін 14 автобус желіге шықпай қалды
Жарияланған күні:
Қостанайда қалалық автобустар тұрған бокста өрт шығып, салдарынан тұрақтағы 7 қоғамдық көлік жанып кетті. Ал 25 автобустың іші-сыртын ыс басқан, әзірге жолаушылар тасымалдауға жарамсыз. Тұрғындар автобустардың арасы ұзап кеткендіктен бүгін жұмысқа кешіккенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Өткен ғасырда салынған автобус паркінің боксында өрт түнгі 12-лер шамасында, яғни барлық автобустар тұраққа қойылып болғаннан кейін тұтанған. Мұндағы 32 автобустың 7-і жанып кетті. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды 2 сағатта ауыздықтаған. Төтенше оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
"Осы өрт оқиғасы жоғары санатты деп саналып, 16 өрт сөндіру көлігі мен жеке құрамнан 55 адам жұмылдырылды. Бүгінде өрттің шығу себептері анықталып жатыра, оқиға орынында мамандар жұмыс істеп жатыр", - дейді Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.
Қалада автобус қатынасы қиындаған. 6 бағыт бойынша 14 автобус желіге шықпай қалды. Бокстағы өрт шалмаған, бірақ іші-сыртын ыс басқан автобустарды тазалап ретке келтіру үшін кем дегенде 2-3 күн қажет екен. Жолаушылар бүгін аялдамада қажетті автобусын 20-30 минут күтуге мәжбүр болғанын айтты. Жергілікті билік өкілдері бұл төтенше оқиға жайында тұрғындарды алдын-ала хабардар еттік дейді.
"Таңнан бері тұрғындар I-komek қызметіне хабарласып, автобустар қатынасының арасы ұзап кеткенін айтып жатыр. Оларға түнде төтенше оқиға болғаны жайында ақпарат тараттық. Сондықтан бұған түсініктікпен қарайды", - дейді Қостанай қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.
Алайда таңертең тұрғындардың көбі бұл оқиғадан бейхабар болған.
"10-бағыттағы автобусты күтем деп таңда жұмысқа кешігіп қалдым. Күнде 7-10 минутта келетін, бүгін жарты сағаттай күттік. Одан кейін аузы-мұрынан шыққанша тиеліп, сығылысып бардық. Кейбір аялдамаларда адамдар сыймай, қалып қойды", - дейді Қостанай қаласының тұрғыны Айзере Арон.
Автобустардың көліктік сақтандыруы бар дейді иелері. Бірақ мұнда химиялық тазалау кірмеген. Сондықтан ыс басқан автобустарды жуып, тазалау үшін өз қалтасынан шығындалуы керек. Мұның үстіне қанша жуса да ыстың иісі біраз уақытқа дейін кетпеуі мүмкін.
Автор: Айнұр Нұрмағамбетова
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2165415-zhumysqa-keshiktik-qostanaida-avtoparktegi-ortten-keiin-14-avtobus-zhelige-shyqpai-qaldy-foto-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.