Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сабақ жайына қалады": алматылық студенттер тиімді бағада жалға берілетін пәтер таппай қиналып жүргенін айтты

Жарияланған күні:

пәтер
Тұрғын үй. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Оқу жылының басталғанына бір ай болғанымен Алматыдағы кейбір студенттер әлі күнге пәтер таба алмай жүр. Өйткені қаладағы бір бөлмелі пәтерді жалдау 200 мың теңгеден басталады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Krisha.kz сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Алматыда бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 200 мың теңгеден жоғары. Одан арзаны сирек. Ал екі бөлмелі пәтерлерді жалдау ақысы шамамен 260 мың теңгеден басталады.

Ал мемлекеттік грантта оқитын студенттердің шәкіртақысы небәрі 47 мың теңге, педагогика мен денсаулық сақтау саласы мамандықтарында оқитындар 75 мың теңге алады.

Қалада ыңғайлы бағада пәтер таппай жүрген студенттің бірі – Арман Абылайұлы (аты-жөні өтінішімен өзгертілді - ред.ескертпесі). Ол Еуразиялық техника университетінде оқиды. Оның сөзінше, бұл оқу орнының өз жатақханасы жоқ. Сондықтан пәтер жалдауына тура келеді. Алайда университет маңайынан қолайлы үй таба алмаған. Сондықтан оқу орнынан 15 км қашықтықтағы жекеменшік жатақханаға орналасқан.

"Негізі пәтер табу қиын емес. Тиімді бағада пәтер табу қиын. Одан қалса, ұл бала болғаннан кейін көп жағдайда үй бере бермейді. Көбісі бүлдіріп тастайды, быт-шытын шығарады деп қорқады. Баға мәселесі де бар. Университетімнің жанындағы пәтерлер тым қымбат", - дейді ол.

Шынында Krisha.kz сайтында пәтер иелерінің "тек қыздарға, жігіттер мазаламасын" деген секілді жарнамаларын көруге болады. Арманның сөзінше, бұл да жағдайды одан әрі қиындатып тұр.

Пәтер жарнамасы
Пәтер жарнамасы. Фото: Krisha.kz сайтынан скриншот

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалада 109 студенттік жатақхана жұмыс істейді. Бірақ студент Диана Бақытқа жатақханада тұру бақыты бұйырмаған. 2-курста оқитын бойжеткен көпбалалы отбасынан шыққан. Ол ата-анасына салмақ салмас үшін пәтерақысын өзі төлегісі келеді. Сол үшін оқуы мен жұмысын қатар алып жүр.

"Бір бөлмелі пәтерлерді жалдап тұру 250 мың теңгеден жоғары. Менің ойымша, бұл тым артық. Сонымен қатар пәтердің жайы-күйі онша жақсы емес, көптен жөндеу көрмегендері бар. Бәрі амалсыздан жалдайтынын біліп, ойына келгенін жасап отыр. Арзаны да бар шығар. Бірақ олар қаланың шетінде. Университетке келем дегенше бір сағат жүресің. Кептеліске түссең, уақытың одан да көп кетеді. Жолға негізі сол жақын жердегі пәтерге кететіндей ақша шығады.

Үйдегілердің аузына қарап отыру ұят. Сосын өмір сүру үшін жұмыс істейсің. Негізі үйреніп қалдық қой. Бірақ сабақ жайына қалады кейде. Шаршап, лекцияда ұйықтап отырасың", - деді студент.

Пәтер жарнамасы
Пәтер бағалары. Фото: Krisha.kz сайтынан скриншот

Диананың сөзінше, пәтерақыдан басқа шығындар да жетіп артылады. Студент ретінде оның бәрін төлеу қиын дейді ол.

"Пәтер бағасы – бөлек тақырып. Оған тағы депозит төлеуің керек. Ол үшін де 100-150 мың теңгеден жоғары сұрайды. Сондай ақшаны алдын ала төлеуің керек. Риелторлар бар, оларға сөз жоқ. Тағы ақша сұрайды. Студент емес, кәдімгі адам боп өмір сүру де қиын негізі. Мен айына ішіп-жейтін тамақ туралы айтпай-ақ қояйын", - деді Диана.

Пәтер таппаған студент не істей алады

Алматы қаласы әкімдігі студенттерді қолдау мақсатында дағдарыс және жедел ден қою жөніндегі ахуалдық орталықтар ашқан. Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, дағдарыс орталығы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT университетінде орналасқан. Дағдарыс орталығының міндеті – басқа өңірден келген баспанасыз студенттерге жедел қолдау көрсету және уақытша орналастыру. Дағдарыс орталығында 70 орын бар.

Көмек қажет болса, мына байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:

Жатақхана мәселесі бойынша жедел ден қою жөніндегі Ахуалдық орталық –

+77002551443, +770095095287

Cтуденттік жатақхана құрылысы бойынша жобалық кеңсенің басшысы Дамир Кутумов –

+77015282837.

Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында 199 мыңнан астам студент білім алып жатыр, оның 124 мыңы – өзге өңірден келген студенттер. Қалада 109 студенттік жатақхана бар, онда 36,2 мыңнан астам студент тұрады.

2025-2026 жылдары 34 295 орындық 33 нысанды пайдалануға беру көзделген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166210-sabaq-zhaiyna-qalady-almatylyq-studentter-tiimdi-bagada-zhalga-beriletin-pater-tappai-qinalyp-zhurgenin-aitty/