"Бұл – нағыз көзбояушылық, жауапсыздық": депутат өңірлердегі ауыз су тапшылығы туралы айтты
Жарияланған күні:
Депутат Гүлдара Нұрымова мәжілісте ауыл-аймақтардағы ауыз су мәселесін көтерді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрымова премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.
Мәжілісмен президент 2025 жылға дейін барлық елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма бергенін атап өтті.
"Алайда бүгінгі таңда, ел бойынша ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды және Жамбыл облыстарында. Сонымен қатар 121 ауыл бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалмау қаупі бар, оның ішінде 51 ауыл бойынша тіпті жобалық сметалық құжаттар жоқ.
Осы тізімге кірмеген, есепке алынбаған тағы ауылдар бар. Олар - ақиқатын айтсак, қағаз жүзінде ауыз су бар, ал іс жүзінде жоқ елді мекендер. Мемлекеттің қазынасынан бөлінген қаржы желге ұшып жатыр", - деді Нұрымова.
Ол мысал ретінде Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданына қатысты Жарлысу, Мойынқұм ауданына қатысты Қылышбай елді мекендерінде ауыз су мәселесі шегіне жетіп тұрғанын айтты.
"Қылышбай ауылындағы жағдай фильтр орнату арқылы жарым-жартылай шешілген болса, Ал Жарлысу ауылын ауыз сумен қамту әлі де шешімін таппай отыр. Халықпен кездескен кезде, ауыл тұрғындары осы сұрақты бірнеше мәрте көтерді, 5 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге наразылық білдірді.
2020 жылы су құрылыстарын жүргізген жауапты мердігер компания өз жұмыстарын толық атқармаған,нәтижесінде ауыз су жоқ. Ал, 2021 жылдың сәуірінде жергілікті басылымда шыққан мақалада ауыз судың халыққа жеткені және сумен қамтамасыз ету жұмыстарының сәтті өткені туралы хабарланған.
Сұмдық жағдай. Бұл – нағыз көзбояушылық, жауапсыздық. Ауыл тұрғындары көптеген кемшіліктерді анықтап тиісті органдарға жеткізген. Бірақ нәтиже жок.
Сонда республикалық бюджеттен бөлінген 414 млн., облыстық бюджеттен бөлінген 80 млн., сонымен катар жобалық сметалық құжаттарға, экспертизаға, геологиялық жұмыстарға бөлінген қаржының іздеу-сұрауы жоқ па? Мұндай мысалдар өңірлерде жетерлік.
Осыған орай, Сізден аталған жағдайды жеке бақылауыңызға алып, тиісті тексерісті өткізіп, осыған жол бергендерді жауапқа тартып, тағы осындай жағдайдағы ауылдарды анықтап,жобалық сметалық құжат жоқ 51 ауыл бойынша жұмыстарды тез арада атқарып, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуді қағаз жүзінде емес іс жүзінде шешуіңізді сұраймын", - деді Гүлдара Нұрымова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168656-bul-nagyz-kozboiaushylyq-zhauapsyzdyq-deputat-ongirlerdegi-auyz-su-maselesin-koterdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.