"Не үй, не ақша жоқ". құрылыс компаниясына алданған ақтөбелік үлескерлер кінәлілерді жазаға тартуды талап етті
Жарияланған күні:
Ақтөбеде үлескерлер құрылыс компания басшыларын жазалауды талап етуде. Осыдан екі жыл бұрын жаңа баспанасына қоныстануға тиіс болған халық қазір не пәтерді не ақшаларын ала аламай отырғандарына шағымданды, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Телеарна ақпаратынша, елуден аса тұрғын құрылыс компаниясына миллиондаған ақша құйған. Келісімшарт бойынша екі жыл бұрын бес қабатты кешеннің құрылысы бітуі керек еді. Алайда құрылыс бастала сала тоқтап қалған. Кейбір тұрғындар тіпті жаңа баспана алу үшін ескі үйлерін сатып тастаған.
"Төрт жыл болды, пәтер жалдап жүрміз. Осы мәселемізді шешіп берсе. 2022 жылы арыз бердім. Содан бері тергеу жүріп жатыр. Түсінбедім, ол неге ұзаққа созылды?!", - деді Тоқмырза Шайдулин.
Құрылыс компаниясының басшылары тіпті бір пәтерді бірнеше адамға қатар сатқан. Сонымен қатар құрылысы жүріп жатқан кешеннің жер учаскесін де саудалапты. Жерді үлескерлер соттасып жүріп кері қайтарып алған.
"Мысалы, менің 34-ші пәтерімде адам, екі қожайыны бар. Мен емес жалғыз, басқаларының бәрінде солай. Екеуден, үшеуден сатқан. Қазір анықталып жатыр, алаяқтарға ұсталыппыз, анық-қанығына келгенде", - деді Нағима Икембаева.
Телеарна ақпаратынша, тергеудің созылуына құрылыс компания басшыларының бұл кешеннен басқа да құрылыстардағы қылмысқа қатысы бар болғаны әсер еткен.
"Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды. Биыл қараша айында қылмыстық іс сотқа жіберіледі", - деді Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі.
Үлескерлер алаяқтардың жазалануы кешен құрылысын қайта жалғастыруға мүмкіндік береді деп отыр. Себебі әкімдік жанынан құрылған мекеме де сот үкімінсіз бұл кешенге жолай алмайды.
Алданған үлескерлердің үй құрылысына кірісу үшін алдымен жер учаскесінің иесі — ақша салған тұрғындар болуға тиіс және құрылыс компаниясы басшыларының қылмысы дәлелденуі керек.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169627-ne-ui-ne-aqsha-zhoq-qurylys-kompaniiasyna-aldangan-aqtobelik-uleskerler-kinalilerdi-zhazaga-tartudy-talap-etti/