Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тойда америкалық рэпердің әнін айнытпай орындаған 60 жастағы әйел өнері туралы айтты

Жарияланған күні:

Мейрамкүл Қожашова
Мейрамкүл Қожашова. Фото: жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желіде тойда рэп айтқан әйелдің видеосы тарап кетті. Желі қолданушыларын таңғалдырған – 60 жастағы Мейрамкүл Қожашова Қызылордадағы мұнай компанияларының бірінде қызмет етеді. Америкалық рэпер Артис Леон Айвидің (Coolio) әнін айнытпай орындаған Мейрамкүл Қожашова KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берді.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Балалық арман": Алматы тұрғыны 15 жылдан бері зәулім сарай салып жатыр

Мейрамкүл Қожашова – Алматы облысының тумасы. Ол Қызылордадағы мұнай компанияларының бірінде PR маманы болып қызмет етеді. Оның музыкалық білімі жоқ, бірақ кішкентай кезінен ән айтқанды жаны сүйетінін айтады.

"Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде хорда ән айттым. Әпкем "АДК" мекемесінде қызмет атқарды, соның жанынан құрылған музыкалық ансамбльдің құрамында мен де болдым. Кейін мектеп бітіргеннен кейін өнер институтына тапсырғым келді. Музыкалық комедия актеры мамандығына емтихан тапсырдым. Бірақ нәтижесінде менен балы төмен болған қызды өткізіп жіберді. Өйткені комиссия оның даусы - лирикалық сопрано, менікін жәй сопрано деп бағалады. Ал мен шетел тілдері факультетіне оқуға түстім", - деп баяндайды Мейрамкүл Қожашова.

Айтуынша, ол АҚШ-та магистратураны бітірген. PR саласында 17 жылдан бері қызмет етіп келеді. Рэп әншілерін тыңдап, орындап жүргеніне 7 жыл болған.

"Ән айтқанды жақсы көремін, караокеге жиі барамын, отбасылық отырыстарда, достарымның ортасында ән айтамын. Рэпке осыдан 7 жыл бұрын қызыға бастадым. Ең бастысы өзіме ұнайды, бар ықыласыммен айтамын", - дейді Мейрамкүл апай.

Мейрамкүл Қожашова әлеуметтік желіде таралған видеода отбасылық қуаныштардың бірінде рэпті жастардың сұранысы бойынша орындағанын айтады.

"Өткен демалыста бөлемнің ұлының тойына бардым. Сол жерде жастар ән айтуымды сұраған соң ортаға шықтым. Эстрада әншілерімен ән жаздырып көрмедім. Бірақ ұсыныстар түссе, бас тартпаймын", - дейді ол.

Мейрамкүл Қожашова бақытты ана, әжемін дейді. Ол үш баласынан төрт немере сүйіп отыр. Сондай-ақ кейіпкер белсенді өмір салтын ұстанады. Атланта Олимпиадасында волонтер қызметін атқарған, "Славян базары" байқауына Қазақстанның өкілі ретінде аттанған, теннис ойнайды және өз ортасында ән салады.

Әлеуметтік желіде халық Мейрамкүл Қожашованың өнеріне сүйсініп, жылы лебіздерін жеткізген.

"Харизмасы керемет", "Eminem далада қалды", "Қызық премияны" алып тұр ғой”, "Осындай әже болғым келеді" деп жазған желі қолданушылары.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2169661-toida-amerikalyq-reperding-anin-ainytpai-oryndagan-60-zhastagy-aiel-oneri-turaly-aitty/