Зектілері

Қарағанды облысында ерлі-зайыпты көршілеріне пневматикалық қарумен қоқан-лоқы көрсеткен

Жарияланған күні:

Тапанша ұстаған ер адам
Тапанша ұстаған ер адам. Көрнекі фото: pexels.com

Қарағанды маңындағы Ақтас ауылында ерлі-зайыпты көршілерімен жанжалдасқан соң мәселені пневматикалық қарудың көмегімен шешпек болған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқиға Қарағанды маңындағы Ақтас ауылында болған. Көршісімен болған жағдай туралы Фарида Амамуратова есімді Instagram қолданушысы айтқан. Оның сөзінше, 6 қазан күні кеше оған және отбасына көрші тұратын ерлі-зайыпты шабуыл жасаған.

"Біз жолдасымызбен және балаларымызбен үйде отырып, подъездегі айғай-шуды естідік. Есігіміздің алдында екі ер адам төбелесіп жатты. Олардың бірін мен танимын, ол – біздің көршіміз, бұрын сотталған азамат.

Күйеуім шығып, оларға есігімізді сындырып жатқанын, балалар қорқатынын айтып, тоқтатпақ болды. Олардың масаң күйде екенін көрген екен күйеуімді үйге кіргізіп алдым.

Артынша терезеен қарасам,олар ауладатөбелесіп, біздің көлігімізге құлап жатыр екен. Жолдасым мүлкімізді қорғауға шықты, артынан мен де бардым. Олар бізге шабуылдай бастады. Күйеуіммен төбелесіп кетті, мен оларды ажыратпақ болдым. Ал сотталған азаматтың әйелі күйеуімнің басына тапанша тақап, "өлтіремін" деді, ал мені тұншықтырды", - деді Фарида.

Келіншек аталған көршісі үй тұрғындарын 5-7 жыл бойы қорқытып жүргенін айтады. Ол осыған дейін балаларға да тиіскен көрінеді.

"Ол үнемі балаларға тиіседі, ішеді, шешініп алып, барлық аулаға айғайлайды. Мұндайларды есепке қоймай ма? Салдарынан біз дене жарақаттарын алдық, балалардың психикасы бұзылды. Полиция мұның ұсақ бұзақылық екенін айтты. Бұлай тапаншамен жүріп, қоқан-лоқы көрсетуге бола ма? Топ (тәртіп сақшылары-ред. ескертпесі) келді, оларға да атыла жөнелді", - деді ол.

Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі аталған жайтқа қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметіне сүйенсек, дене жарақаттарын салу және денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Пневматикалық қару алынып, криминалистік зерттеуге жіберілді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Одан бөлек, құқыққорғау органы қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты олардың заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны, олардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171187-qaragandy-oblysynda-erli-zaiypty-korshilerine-pnevmatikalyq-qarumen-qoqan-loqy-korsetken/