Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Абай жолы" эпопеясын оқып шықтым": 15 күн қамауда болған ақтөбелік экс-депутат жан сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Сәния Мұратова
Сәния Мұратова. Фото: жеке мұрағатынан

Ақтөбеде масаң күйде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалып, мандатынан бас тартқан қалалық мәслихаттың экс-депутаты Сәния Мұратова басынан өткен жағдай туралы алғаш рет сыр шертті. Ол былтыр не үшін сотқа қатыспағанын, қамаудағы күндері қалай өткенін, сол кезде қандай күйде болғанын KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Ақтөбе қалалық мәслихатының экс-депутаты Сәния Мұратова былтыр қыркүйекте масаң күйде көлік жүргізіп, жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін айыпталып, 15 тәулікке қамалды. Арада бір жыл өткен соң экс-депутат кері шегініс жасап, портал тілшісіне барлық мән-жайды айтып берді.

"Сот қаулысы шыққаннан кейін баламның өзі полиция бөлімшесіне апарды. Өз аяғыммен барып, 15 күн отырып шықтым. Өкінішім - сол кезде жерге қарап қалған бауырларымнан ұялдым. Жеті ағайындымыз. "Менің әрекетім үшін қиналып жатыр-ау" деп, соларды аядым. Мен үшін ұялған балаларымды аядым. 15 күнге жату үшін мен бірінші емделіп алдым. Өйткені бәрі шулап қоя бергенде қатты күйзеліске түстім. Балаларым телефонды сөндіріп тастады. Астанада емделіп қайттым. Ал 15 күнде кітап оқыдым. "Абай жолы" романының төрт томын бітірдім, солай уақыт өткіздім. Алғашқы аптада қасымда бір келіншек болды. Ол да кәсіпкер. Курстас келіншек боп шықты. Жатақханада да бірге жатқанбыз. Екеуміздің отыз жылдан кейін кездескен жерімізді айтсаңызшы. Сол бір күлкілі жағдай болды. Ол менен қашады, мен одан… Сол жерде отырып, екеуміз бір-бірімізден ұялдық. Ол да 15 күнге түскен. Соңғы алты күнін менінен өткізді. Содан кейін жаныма ешкім келген жоқ, жалғыз болдым. Қыздар сирек баратын өте ауыр жер. Бостандыққа ештеңе жетпейді. Уақыт тоқтап қалғандай. 15 күнді күн санап өткіздім. Ол күндер өмірі есімнен кетпейтін сынақ болды. Елден, ағайыннан ұялдым. Өмір бойы өзімше "көшбасшы" болып жүрген адаммын. Шыққан кезде ең бірінші бауырларымнан, балаларымнан кешірім сұрадым. Олар мен үшін қысылды. Мен оны өзім де сезіп жаттым. Інім ұялғанынан үш күн жұмысқа бара алмай қалған. Мен әлі де көпшіліктің арасына бара алмаймын, ұят. Қанша жер шақырады, бас тартамын. Мойындаймын, бар қателік өзімнен болды", - дейді ол.

Сәния Мұратова
Сәния Мұратова. Фото: жеке мұрағатынан

Экс-депутат қамауға алынғанға дейін не болғанын да айтып берді. Жеті жылға көлік жүргізу құқынан айрылған ол қазір таксимен жүр екен.

"Қазір мен тек таксимен жүремін. Депутат болған соң қоғам алдында бірінші жауапкершілігің тұрады. Бәрі "мас депутат" деп жазғанда шошып кеттім. Мен ондайды бұрын көрмедім. Қатты қорқыныш болды, ауырдым. Сол күні түнде апам Астанаға ұшақпен алып кетті. Ол жерде мен кінәлімін. Шыны керек мен ақтала алмадым. Сенім артқан көп адамды жерге қаратқаным жаныма батты. Мүмкін сол үшін де жағдайды бірден түсіндіре алмаған болармын. Қыздармен шампан ішемін деп құрттым. Мен "қымыз іштім" деп ешкімді алдағым келмеді. Бәріне де шампан ішкенімді айттым. Экспертиза кезінде де көрінді. Сол кезде шампан ішкенімді ұмытып, асығып көлікке отырып кеткенмін. Мен мас болмадым. Сол кезде экспертизаға 2-3 сағат өткізіп барғанда кетіп қалар ма еді, мен қарсылықсыз бірден еріп бардым. Бірақ қоғам алдында ішімдікке тойып алып, Lexus мініп жүрген алқаш әйел болып қалдым. Маған екі баппен айып тағылды. Молдағұлова даңғылындағы жол белгісін сол кезде өзгертіп жіберген. Күнде тура жүретін жолым. Алдымда машина болған жоқ, әдеттегідей өтіп кеттім. Бірақ бұрылатын белгі қойған екен. Сол жерде полиция тоқтатты. Әрине қарама-қарсы бағытқа шығу - заңбұзушылық. Өзгертілген жол белгісін көрмей қалғанмын. Жақында сол жерді қайта өзгертіп қойды. Қазір тура жүру керек. Жол белгілерін өзгерткен кезде ескерту, ақпараттық хабарландыру жұмыстары болуы керек деп ойлаймын", - деп түйді ол ойын.

Кәсіпкер келіншек депутаттыққа ойламаған жерден келгенін айтады. Қазір ол қоғамдық кеңеске қайта оралды.

"Мен саясатқа араласамын деп ойлаған жоқпын. Апам "сен істей аласың" деп депутаттыққа баруды сұрады. Мен ол кезде депутаттықтың не екенін де білмеймін. Апамның айтуымен праймеризге құжат тапсырдым. Өттім, ойламаған жерден осыдан төрт жыл бұрын 50 жасымда депутат болып кеттім. Халықпен байланыс маған бірден ұнады. Жалақы төленбейтін қоғамдық жұмыс. Өз округіңдегі тұрғындарға көмектесу, олардың қажеттілігін жеткізу жұмыстары ұнады. Ашылдым. Бір жіберген қателігім - өткен жылғы жағдай. Мен бір жыл бойы қоғамдық жұмысты сағындым. Маған халықпен байланыс жақын. Сондықтан қоғамдық кеңеске өзім өтініш бердім. Денсаулығым болса, әлі де қоғамдық жұмысқа араласып, көмегімді тигізгім келеді. Жастарға кәсіппен айналысуды айтып отырамын. Ақша өзінен өзі келмейді. Кәсіпте ешкімді алдауға болмайды. Біреудің артық ақшасы пайда әкелмейді. Іс адал жұмыспен жүреді. Өтірік жақсылық әкелмейді. Жүрекпен жасаған таза еңбек абырой береді. Жастарды кәсіпке тартқым келеді. Жасөспірімдерді спортқа шақыру маңызды. Тәртіп болады, қалада мейрамхана көп қой. Сол секілді спорт кешендері де көбейсе. Фитнес-залға үлкендер келсе қуанамын. Қасына барып "тастамаңыз, сіз дұрыс жасап жүрсіз" деп айтып жүремін. Шетелде спорт залдарда күндіз үлкен кісілер көп болады. Садақа, тойға берген ақшадан ауыстырып, спорт залға да уақыт, ақша бөлу керек", - дейді кәсіпкер келіншек.

Айта кетейік, ол қаладағы фитнес орталықтардың бірінің құрылтайшысы. Айтуынша, 90-жылдары бәліш пен шырпы сатып, ақшаның басын құраған.

"25 жасымнан кәсіппен айналыстым. Ол кезде балаларым кішкентай болды. Қиын уақыт. Кәсіпті жолдасым екеуміз бастадық. Ырғыздан көшіп келген кезіміз. Жұмыс жоқ, пәтер жоқ, балаларды қалдыратын балабақша да жоқ. Ол кезде несие алатын банк те жоқ. Кәсіпті қарыз алып бастадық. Екеумізде де жұмыс болмады. Базарға, пойызға бәліш апарып саттым. Шырпы, конфет, картоп та саттым. Арасында ауылға апарып сауда жасадым. Сол кезде-ақ үлкен бизнес ашамын деп алдыма мақсат қойдым. Сол арманмен жүре бердім. Арбалап-дорбалап жүріп дүкен аштық. Балалардың қалай өскенін білмей қалдық. 2007 жылы 12-мөлтек ауданындағы фитнес жаттығу залының ғимаратын салуды бастадық. Ол кезде мейрамхана ашамын деп ойладым. Бес жылдай оның жұмысын жүргізе алмадым, тоқтап тұрды. Себебі балам өсіп, Америкаға оқуға кетті. Бала оқыттық, несие болды, қозғала алмадық. Балам оқудан келді, ол кезде мен науқастанып қалдым. Балам "мейрамхана ісін жүргізе алмаймын, фитнес зал ашайық" деп өзі бастап кетті. Қытайға барып, қажетті заттарды әкелдім. Бір жылдың ішінде аштық. Миллиондаған несие төлеу қиын болды. Мүмкін мені ауыртқан да сол шығар. 2007 жылдан бес жыл бойы айына 1,5 млн теңге несие төледік. Түскен табыс несиені төлеп тұруға жетті. Соған қуандық. Ауыр болды. Ұйықтамайсың, демалыс, той-думан, қыдыру жоқ. Осы кәсіпті алып қалу үшін, ұстап тұру үшін еңбек еттік. 12 жыл болды ұлым кәсіпті өзі жүргізіп жүр. Жолдасымның басқа отбасы бар. Ондай да ауыртпалық болды. Несие төлеу ауыр болды, отбасыға көңіл бөлінбей қалды. Сол кезде отбасымды сақтай алмадым. Қазір айына 10 млн теңге несие төлеймін. Ұлымның да, қызымның да өз кәсіптері бар", - дейді Сәния Мұратова.

Сәния Мұратова – Amanat партиясының мүшесі, Ақтөбе облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Ақтөбе облыстық филиалының мүшесі.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171503-abai-zholy-epopeiasyn-oqyp-shyqtym-15-kun-qamauda-bolgan-aqtobelik-eks-deputat-zhan-syryn-aqtardy/