Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

100 млн теңгеден астам пайда көрген: Шымкентте заңсыз майнингпен айналысқан екі адам сотталды

Жарияланған күні:

Майнингтік ферма
Майнингтік ферма. Скриншот: instagram.com/afm_rk

Шымкент аумағында криптовалюта өндіру бойынша заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырған екі азамат сотталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, 2023 жылғы сәуір мен 2024 жылғы ақпан аралығында аталған тұлғалар жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде кіріс ала отырып, майнингтік ферма ұйымдастырғаны анықталды.

"Олардың жалпы сомасы 370 млн теңге болатын 1000 дана ASIC майнерлер (биткоин өндіру жабдығы) мен заңсыз өндірілген цифрлық активтер (биткоиндар) түріндегі мүлкі тәркіленіп, сәйкесінше 2 жылға бас бостандығынан айыруға және 2,5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды", - делінген ҚМА хабарламасында.

Осы жылдың басынан бері қылмыстық табысы 400 млн теңгеге жуық заңсыз майнингтік фермаларды ұйымдастырудың 4 фактісі анықталған.

Айта кетейік, криптовалюта өндіру саласындағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан төндіретін тәуекелдердің туындауына әкеп соғады, тұтынушылар мен кәсіпкерлерге электр энергиясын жеткізудің іркілуі және тапшылық тәуекелдері артады.

Қаржылық мониторинг агенттігі аталған қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етілгенін ескертті.

Еске салайық, биыл мамырда Шымкентте заңсыз майнерлікпен айналысқан бір топ адам анықталған еді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны және тиісті сараптамалар тағайындалғаны хабарланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2171866-100-mln-tenggeden-astam-paida-korgen-shymkentte-zangsyz-mainingpen-ainalysqan-eki-adam-sottaldy/