Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда мүгедектікті қалай белгілеуге болады

Жарияланған күні:

Мүгедектер арбасындағы адам
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда мүгедектік қалай белгіленетіні, сондай-ақ проактивті сырттай тексерудің артықшылықтары туралы NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Ең алдымен айта кететін жайт, Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар нормативтiк құқықтық актімен және 2023 жылғы Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесімен реттеледі.

Организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін бағалау негізінде мүгедектікті белгілеу тәртібі осы ережелермен айқындалады.

Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберуді диагностикалық, емдік және оңалту іс-шараларының қажетті көлемінің негізінде учаскелік дәрігер немесе маман іске асырады.

Медициналық тексеріп-қараудың толықтығын, көлемін және адамды МӘС-ке жіберудің негізділігін жолдама берген медициналық ұйымның Дәрігерлік-консультациялық комисиясының (ДКК) төрағасы қамтамасыз етеді.

Осы іс-шараларды жүргізгеннен кейін анатомиялық кемістіктері немесе организм функцияларының едәуір немесе күрт білінетін бұзылушылықтары бар және оңалту әлеуеті жоқ жазылмайтын ауруларды қоспағанда, уақытша еңбекке жарамсыз болған адамдарды, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді.

Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің күндізгі және сырттай түрлері бар.

Күндізгі куәландыру кезінде қызмет алушы мүгедектікті белгілеу үшін МӘС бөлімшелеріне жүгінеді.

Елімізде аурулардың кейбір түрлеріне тексеру сырттай проактивті форматта жүргізілетінін айта кеткен жөн. Бұл онкологиялық ауруларды, туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақауларды, психикалық ауруларды, балалардағы 1 типті қант диабетін, органдарды трансплантациялаудан кейінгі жағдай сияқты дерттерді қамтиды.

Сырттай-проактивті форматта өтініш беру үшін МӘС бөлімшелеріне хабарласудың қажеті жоқ. 031у нысаны медициналық ұйымдардан МӘС бөлімшелеріне ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы қабылданады.

Сараптама жасау үшін үш экстерриториялық МӘС мамандарына құжаттар жасырын түрде жіберіледі. Яғни, мамандар сараптамаға келген құжаттардың кімнің және қай облыстан түскенін білмейді. Олар мүгедектік тобын белгілеп қана қоймай, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлейді.

Медициналық ұйымның ұсыныстары бойынша науқасқа жеке бағдарлама әзірленеді. Жеке бағдарламаға сәйкес мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен, оның ішінде протездік-ортопедиялық құралдармен, сурдотехникалық көмекпен, тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбамен, сондай-ақ санаторлық-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етеді.

Медициналық-әлеуметтік сараптамадан кейін мүгедектік белгіленген жағдайда қажетті әлеуметтік төлемдер мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді тағайындау процессі пациенттің қатысуынсыз проактивті форматта жүзеге асырылады.

Мүгедектік белгіленбеген жағдайда куәландырылатын адам немесе оның заңды өкілі осы шешімге үш ай мерзімде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне тұрақты тіркелген жері бойынша шағымдануға құқылы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173053-qazaqstanda-mugedektikti-qalai-belgileuge-bolady/