"Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған": Есенқұл Жақыпбектің өмірі және шығармашылығы
Жарияланған күні:
"Сөз өнерінің хас шебері" деген тіркес шығармашылық жолы жазба өлеңде де, айтыста да қатар қаланған ақын Есенқұл Жақыпбекке қарата айтылғандай көрінеді. Есенқұл ақынның сырлы поэзиясы, айтыстағы шымшыма ойлары, жыр-термелері, сазды әндері – мәдени мұрамызға қосылған баға жетпес қазына.
- Есенқұл Жақыпбек - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, айтыскер және әнші-сазгер ретінде танылған.
- Ақынның шығармашылық мұрасына "Қарлығаш", "Біз екеуміз", "Жанқисса" сияқты жыр жинақтары мен "Қарауыл қайғысы" поэмасы кіреді.
- Есенқұл Жақыпбектің "Алдай-ау", "Өзіңді аңсап", "Біздің елдің жігіттері" сияқты өлеңдері әнге айналып, халық арасында кең танымал болған.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының иегері, Мәдениет саласының үздігі, ақын Есенқұл Жақыпбек 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы Жамбыл ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс беріп, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесі поэзия секторының меңгерушісі, Жамбыл аудандық "Атамекен" газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған.
Ақынның шыққан тегі
Есенқұл ақынның өзі ақындық оған әжесінің туған ағасы Дулат ақыннан дарыған бооуы керек деп пайымдайды естелігінде:
"Менің әжем Шәрипа "көген алмай өлең алған" Екей деген елдің қызы екен. "Елу бақсы, сексен ақын туған" Екей қызы Шәрипаның туған ағасы Дулат болыпты. Сөйтсе Дулат ескіше аса сауатты, өлеңді жазып айтатын мысқылшыл ақын болғанға ұқсайды. Сүйегі Түркістанда жатыр екен. Мені ақындар айтысында айтыс жүргізушілер "Айтыста – шақпа, жазбада – ақпа ақын" деп таныстырып жатушы еді, шақпалық пен ақпалықтың әсері, бәлкім сол Дулат ақыннан дарыған шығар".
Ақынның әкесі Серікбай да кезінде суырып салма ақын, шертпе күйдің шебері, Арқа, Жетісу, Кіші жүз әндерін, Абайдың әндерін нақышына келтіріп орындайтын керемет әнші болған екен. Соғыстың алдында актриса Зәмзәгүл Шәріповалармен қатар Алматыда театрда қызмет еткен екен. Кейін соғысқа алып кететін болғасын тракторшы болуына тура келеді. Есенқұл Серікбайұлы естелігінде әкесі мен жазушы Мұхтар Әуезов Жетісудағы ақын-жыраулар туралы хат-хабар алмасып тұрғанын жазады.
Ақынның анасы Елизавета Яковлевна украин қызы болған. Соғыс басталғанда 11 жаста болған ол отбасымен қазақ жеріне эвакуацияланып, қазақша білім алады. Елизавета Яковлевна он бір құрсақ көтеріп, немере, шөбере сүйіп, 83 жасында дүние салады.
Ақындық жолы
Есенқұл Жақыпбек шыққан тегінен бөлек, өлең сөзге құмартуына шетінен ақын, шетінен домбырашы ауылдастары да ықпал еткенін айтады. Бала Есенқұлдың алғашқы өлеңдері алтыншы сыныптан бастап баспасөзде жариялана бастайды. Кейін өлеңдері арқылы танылған жас ақын аудандық газетке жұмысқа шақырту алады. Ақын қызмет еткен "Екпінді еңбек" газеті таланттарды тауып, шыңдаған нағыз әдебиет пен журналистиканың лабороториясына айналған ғажап орта болған.
Есенқұл Жақыпбектің алғашқы жыр жинағы 1984 жылы "Қарлығаш" деген атпен жарық көрген.
Ақынның шығармашылық мұрасы:
- "Біз екеуміз";
- "Жеріңе табын";
- "Жанқисса";
- "Есіл дүние-ай";
- "Біздің елдің жігіттері";
- "Бұл жаз да өтер";
- "Тау басында кәрі қар";
- "Тазқара құстың тағдыры".
- "Жазғы таңда" жыр жинағы түрік тілінде жарық көрді.
"Өзімнің ақын екеніме кейде сенемін, кейде сенбеймін. Мұқағали күнделігінде өлең жазғанда менің құлағыма біреу бірдеме деп сыбырлап тұрады дейді, менде ондай да қасиет жоқ. Әйтеуір тәнім – күйбең тіршіліктің құлы, жаным – өлеңнің құлы екендігі айдан анық", деп жазады ақынның өзі "Тазқара құстың тағдыры" кітабында.
Миығына мың қатпарлы сыр жасыра жүріп, әнтек жымиып қойып, өн-бойыңа жылы ағыс құятын, айдың арғы бетіндегі әлдебір тылсым әлемді алпыс екі тамырыңда ойнатып, өзі өмір сүрген уақыттың ұршығын азаматтық, әлеуметтік, лирикалық кеңістікте еркін иірген Есенқұлдай ақын санаулы һәм некен-саяқ. Ақын Жанарбек Әшімжан
Ақын Жанарбек Әшімжанның Есенқұл Жақыпбек туралы бұл пікірін "Қарауыл қайғысы" поэмасы да қуаттай түсетіндей. Ақын мұрасын зерттеушілер осы туындыға ерекше тоқталып өтеді. Бұл поэма турасында журналист Асыл Сұлтанғазы былай дейді: "Іркес-тіркес сұлу баламаларға толы осынау көлемді шығарманың мазмұны да ерекше. Қарт Семейдің бауырында болған қасіретті оқиғадан кейінгі, сынақтан соңғы адамдар тағдырының жаңа да тосын жайттары осы поэмада сипатталады. Жанды түршіктірер жайт. Оқысаң да иланғың келмейтін дүние. Алайда иланбауға себеп жоқ. Өйткені ақын қасіреттің жаңа бір тұсын, көлеңкелі жағын шынайы тағдырды арқалаған жандардың ғұмыр белесін анық таныған соң қасиетті қаламға жүгінген. Жүгінгені, теріскейдегі тірлікті суреттегендей ел үшін жұмбақ дүниені айшықтағанымен осынау поэма жүрекке ауыр тиеді екен. Дей тұрғанмен қасіретті айшықтаған бұл туындыны ұлы шығарма емес деп айту да арға сын".
Есенқұл Жақыпбек – қалың жұртшылыққа айтыс арқылы танылған ақын. Телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанға айтыскер 30 жылдай айтыс сахнасының сәнін келтірген. Оның әзіл-қалжыңға толы тіркестері ауыздан-ауызға тарап кеткен.
Ақындар айтысында менің атым жеңумен емес, жеңілумен шықты. Өйткені ағысқа қарсы жүзетін албасты мінезім бар еді. Бірақ ол жеңіске бергісіз жеңілістер ғой. Есенқұл Жақыпбеков
Есенқұл ақынның қаламынан туған "Өзіңді аңсап", "Өмір өтті", "Біздің елдің жігіттері", "Алдай-ау", "Ардағым", "Сағынғаным болмаса", "Қара күз", "Сен жалынсың", "Көңілің менде, білемін", "Досыма", "Есіл дүние-ай" өлеңдері лирикалық әндер мен термелерге айналып, әнсүйер қауымның жүрек төрінен орын алды.
Ақын жанының бар мұңы мен қасіреті сыйып кеткен "Алдай-ау" әнінің сөзімен қоса сазын да Есенқұл ақынның өзі шығарған. Басылымдардың біріне берген сұқбатында ән 90-жылдардың бас кезінде тұрмыс-тіршіліктен күй кетіп жаны күйзеліп, қатты ауырып жүрген кезінде жазғанын айтады:
"Ауруханаға жатамын, бірақ, бір құлазу бойымды сергітпей-ақ қойды. Бір күні бұл түрімді көрген Мұса деген досым: "Жүрші, емшіге барып келейік" деді. Өмір-ғұмырымда емші, балгер дегенге сенбейтінмін. Ол оныма құлақ аспай, тау баурайында орналасқан Қастек деген ауылдың Дәуітәлі деген шалына ертіп барғаны. Ол шал маған бірден ұнады. Біз есіктен кіре бергенде: "Әй, ақын, келдің бе, мен біліп едім, сенің келетініңді" деді. Содан ол: "Сендер бәрің бара тұрыңдаршы, мына ақын бала келіп қалыпты, осымен сөйлесейін" деп қалған жұртты шығарып жіберді де, маған "Не болды, не ауру?" - деді төтесінен. Мен не деймін, "Білмеймін" дедім. "Сенің осы, жағдайың болмай жүр ғой, жаның күйзеліп, Алла тағаладан бір тілек-дұға тілейін" деп, көңілі босап: "Мен де кезінде сері болғам, құдайдан шын пейіліммен тілейінші, бәрі өтіп кетеді, жазыласың" деп, отыра қалып, бір дұға оқып еді, құдай салмасын, дұғасын ынты-шынтысымен оқығанда көзінен жас шығып кетті. Өзі соқыр кісі-тін. Алдыңғы тісі жоқтықтан ба, аллам-ау дегенді алдай-ау деп айтады екен. "Е, құдай-ау, Сүйінбай, Жамбылдың ізін басқан осы жігіттің қырсығын кеше гөр, ауыртпалығын азайта гөр!" деп әбден жалынды. Менің де көзім боталап кетті. Бір уақта "Ана бөлмеге бара тұр" дегені. Әлгі бөлмеде жатсам, құлағыма "Алдай-ау, алдай, алдай-ау" деген бір сарын келеді. Қалтамда блокнотым бар еді, ыңылдап отырмын, жазып отырмын. Сөйтсем, құдай жарылқап, шалдың қолдан шапқан домбырасы бар екен. Сол жерде әнін шығарып, шалға келдім де: "Ән шығардым" деп, дереу орындап бердім. Ол әнді тыңдап болысымен: "Сені қысып жүр ғой, қырсығың кесілді деген осы, мұңая берме, екі-үш күн жат осында" деді".
Нота білмейтін ақын әнді түнімен айтып шығады да, ертесі емшіге рахметін айтып, үйіне қайтып кетеді. Үйінде әнді ыңылдап айтып отырғанда Алматыдан шәкірті Ақан Әбдуәлиев бара қалады. Әнді соған орындап береді. Шәкірті әнді бірден қағып алады да, ақынның жан дүниесінен сыр шертетін ән сол күні-ақ тарап кетеді.
Ақынның жыр жолдары
Мөлтілдеген мен осы,
Сезім едім.
Өгей тартып барамын өзіме-өзім
Өзімді-өзім естелік сезінемін.
Көлбең қағып көшеге шыға қалсам,
Өтіп кеткен өмірге кезігемін.
Бәрі болған оқиға, бәрі де өткен,
Өткен шақты көремін төңіректен.
Сағынасың баяғы жас шағыңды,
Қиянаттар жаныңды еңіреткен.
Тартып алып біреулер сүйгеніңді,
Еске аласың жазықсыз күйгеніңді.
Еске аласың содан соң өзің де осы,
Айналаға қырғидай тигеніңді.
Қанатымды қайырған қараулардан,
Кездерім-ай, әрең бір аман қалған.
Қатарымнан оздым ба, кім біледі?
Осы өмірді үйреніп жамандардан.
Таппай жүр ғой бәрібір жан қанағат,
Кейде тіпті жүремін жар жағалап.
Жамау-жамау жалауын тағдырымның,
Ұстап алып жүгірем желге қарап.
Сыз. Нөсер. Күз...
Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.
Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қорытынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз...
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.
Туу туралы куәлік
Болмаппыз шыны керек туа мықты,
Жабысқан дерттен жаным суалыпты.
Азайып анамыздың ақ үміті,
Алмапты Туу жайлы куәлікті.
Үміттің үзілген тек жері бар ма?
Бәрібір тоқтамапты өмір – арба.
Жыл өткен соң тіркепті ауыл Совет,
Туды деп мені оныншы февральда.
Өлер деп көздің жасын сан ағызған,
Өмірге қайта кепті жаңа бір жан.
Бір күнге мен осылай кеш туыппын,
Мұзбалақ Мұқағали ағамыздан.
Туа сап сол ақынға ауды да есім,
Пір көріп өттім өлең дәу киесін.
Мұқаңнан мені өмірге кеш әкелген,
Ауыл Совет, сен қандай әулиесің?
Шынымен болмасақ та, туа мықты,
Мұқалмас жырмен Мұқаң суарыпты.
Өлең, сенің өзіңнен алсам деймін,
Туу жайлы ендігі куәлікті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2173651-erte-tuyp-esh-zamannyng-mangdaiyna-syimagan-esenqul-zhaqypbekting-omiri-zhane-shygarmashylygy/