5 күнге дейін науқастанған балаларға анықтама қажеті болмайтыны рас па
Жарияланған күні:
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті науқастануына байланысты балалар балабақша мен мектепке 5 күнге дейін бармаған жағдайда анықтама қажеті жоқ деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ комитеттің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Telegram-дағы ақпаратына сәйкес, әлеуметтік желілерде вирустық инфекциялар жиілеп жатқан кезеңде науқастануына байланысты балалар балабақша мен мектепке 5 күнге дейін бармаған жағдайда анықтама алудың қажеттілігі болмайды деп таралып жатқан ақпарат Қазақстан Республикасының аумағында қабылданбайды.
"Бүгінгі таңда Мектепке дейінгі тәрбие мен балалар үйіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар санитариялық ережелеріне сәйкес балалар үш және одан да көп күн сабақта болмаған жағдайда, олар мектепке дейінгі мекемелерге денсаулығы туралы дәрігердің анықтамасымен қабылданады", - делінген хабарламада.
"Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес жекелеген жіті ауруларға шалдыққан білім алушылар мен тәрбиеленушілер бақылауға және сауықтыруға жатады.
"Дәлелді себептермен сабақты жіберіп алу білім беру ұйымының (мектептің) ішкі тәртібімен айқындалады. Барлық азаматты ресми ақпарат көздерінен сенімді ақпаратқа сенуге шақырамыз!" - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174133-5-kunge-deiin-nauqastangan-balalarga-anyqtama-qazheti-bolmaityny-ras-pa/