Астанадағы 19 жастағы жігіттің қазасы: полицейлер желідегі анасының мәлімдемесіне пікір білдірді
Жарияланған күні:
Астана полициясы бұған дейін көпқабатты үйдің жанынан денесі табылған 19 жастағы жігіттің өліміне қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кейін марқұмның анасы желіде видеоундеу жариялап, ұлы кісі қолынан қаза тапқанын мәлімдеген.
"19 жастағы жігіттің денесін табу фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол 9-қабаттың терезесінен құлаған. Оқиғаның барлық қатысушысы анықталды. Болған оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тараптардың, оның ішінде марқұмның анасының барлық дәлелі мен мәлімдемелері тергеу шеңберінде мұқият тексеріледі", - делінген елордалық полиция Instagram-дағы парақшасында.
Аталған іс Астана қаласы полиция департаменті бастығының ерекше бақылауында екені атап өтілді.
Еске салсақ, 13 қазанда Астанада көпқабатты үйдің жанынан ер адамның денесі табылғанын хабарлаған едік. Оның жеке басы анықталып, қылмыстық іс қозғалғаны айтылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174277-astanada-19-zhastagy-zhigitting-denesi-tabyldy-politseiler-zhelidegi-anasynyng-malimdemesine-pikir-bildirdi/