Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ажыратуға тырысқан": ІІМ өкілі Талғардағы оқиға орнында болған қыздар туралы айтты

Жарияланған күні:

Бейнебақылау камерасынан кадр
Бейнебақылау камерасынан кадр. Скриншот: youtube.com/@rsc.almobl

Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Болаттың ісіне қатысты баспасөз конференциясында оқиға орнында болған екі қыз туралы айтылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ішкі істер министрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов оқиға орнында болған екі қыздың әрекеті қылмыстық іс аясында тексеріліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол қыздардың бірі ерегіскен азаматтарды ажыратуға тырысқанын айтты.

"Көргендеріңіздей, бір жігітті керісінше, төбелеске жібермей ұстады. Ажыратуға тырысқан", - деді Самат Айысов.

Бейнебақылау камерасына жазылған видеодан бір қыз жігіттердің бірін шет жаққа итеріп әкетіп бара жатқанын көруге болады.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174439-azhyratuga-tyrysqan-iim-okili-talgardagy-oqiga-ornynda-bolgan-qyzdar-turaly-aitty/