Жауап керек: МӘМС үшін жалақыдан ұсталатын ақшаның қолданылмаған бөлігі қайда жұмсалып жатыр
Жарияланған күні:
Қазақстанда 2020 жылдан бастап енгізілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (бұдан әрі – МӘМС) қатысты халықта сұрақ көп. KAZ.NUR.KZ порталының "Жауап керек" жобасы аясында да оқырмандардан медициналық сақтандырудың қолданылмаған қаражаты мен бейінді дәрігерлерге жазылу қиындығы туралы сауал келіп түсті.
KAZ.NUR.KZ ақпараттық порталының тілшісі "Жауап керек" жобасы аясында оқырмандардың МӘМС-ке қатысты маңызды деп санаған екі сауалын тиісті мемлекеттік орган – Денсаулық сақтау министрлігіне жолдап, жауап алды.
Оқырмандардың бірін МӘМС қорына аударылған, бірақ қолданылмаған ақшаның қайда кететіні қызықтырған.
"Медициналық сақтандырудың қолданылмаған ақшасы қайда кетіп жатыр? Қолданбаған ақшаны қайтарсын", - дейді сұрақ авторы.
Бұған қатысты тиісті мемлекеттік орган өкілінің жауабына қарасақ, МӘМС-ке деп азаматтардан ұсталынатын жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде ашылған арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды.
"Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" (бұдан әрі – Қор) жеткізушілеріне – МӘМС жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Демек, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Қордан төленеді", - дейді ведомство өкілдері.
Министрліктегілердің сөзінше, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңға сәйкес, ай сайын МӘМС қорына жарна аудару міндетті. Одан әрі жауапта МӘМС жүйесі қалай жұмыс істейтіні түсіндірілген.
"МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделген, ол олардан түскен қаражатты ауру кезеңінде сау азаматтардан ауру азаматтарға, бай-қуатты азаматтардан мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. МӘМС енгізу арқылы:
- біріншіден, қымбат тұратын зерттеулер (КТ, МРТ, ПЭТ) азаматтардың барлық санатына медициналық көрсеткіштер бойынша қолжетімді болды;
- екіншіден, консультациялық-диагностикалық қызметтерге 10 еседен астам қаражат бөлінеді;
- үшіншіден, консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету үшін жеке меншік нысандағы медициналық ұйымдар тартылды", - дейді ведомство өкілдері.
Ал "Жауап керек" жобасы аясында МӘМС-ке қатысты екінші сұрақ бейінді маман-дәрігерлерге дер кезінде жазылып, бару қиындығы туралы болды.
"Медициналық сақтандыру бар болса да, дәрігерлерге жазылу қиын, үнемі орын жоқ, неге?", - деп сұрақ қойған оқырман.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері бейінді мамандарға бару процедурасының күрделілігіне қатысты сұраққа "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сүйеніп жауап берген.
"Бейінді дәрігерлерге бару рәсімінің күрделенуі мамандарға жазылу – учаскелік дәрігердің қарауынан кейін жүзеге асатынымен байланысты, көрсетілімдер болған кезде пациент бейінді маманға жіберіледі", - дейді олар.
Сонымен қатар азаматтардың өтінішін ескере отырып, қазіргі уақытта министрлік "Амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 бұйрығын бекіткенін мәлім етті. Онда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету көзделген.
Қандай жағдайда учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызмет алуға болады:
- кезек күттірмейтін жағдайлар мен жарақаттар, оның ішінде офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да жарақаттар;
- шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету;
- дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар;
- акушер-гинекологқа және психологқа тіркелу орны бойынша қабылдаулар;
- онкологиялық және гематологиялық бейіндегі ауруларға күдік болған кезде;
- динамикалық байқау ауруының бейіні бойынша;
- жастар орталықтарына - бір жағдай шеңберінде бейінді маманға қайта қабылдау кезінде;
- жылжымалы медициналық кешендердің қызметтерін көрсету кезінде және т.б.
Ал басқа жағдайларда бейінді мамандарға жазылу учаскелік дәрігердің қарауынан кейін жүзеге асырылады, кейіннен көрсетілімдер болған кезде пациент бейінді маманға жіберіледі.
"Жалпы практика дәрігері аурудың жасына және түріне қарамастан, бүкіл отбасына көпсалалы көмек көрсету үшін негізгі медициналық мамандықтарда кеңінен бағдарланғанын атап өткен жөн. Ол үйде қабылдау, үйге бару, профилактикалық, емдеу-диагностикалық және оңалту іс-шараларының кешенін өткізеді. Оның жұмыс тәсілі отбасының ерекшеліктерін ескере отырып бағытталған. Бейінді мамандарға жалпы практика дәрігері қажет болған жағдайда және қолда бар жағдайда пациентке мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге медициналық айғақтар жібереді. Кодекстің 123-бабына сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары жұмысының қағидаттарының бірі отбасылық қызмет көрсету қағидаты және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің аумақтық қолжетімділігі болып саналады", - деп жауап берді Стратегия және даму департаментінің директоры Лаура Ахметнияз.
Айта кетейік, KAZ.NUR.KZ редакциясы "Жауап керек" жобасын жалғастырады. Бұл айда Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне кіретін сұрақтар қабылданады.
Қалай сұрақ жолдай аласыз?
Редакция тілшілері әлеуметтік желілерде оқырман сұрақтарын іріктеп, маңызы мен өзектілігі бойынша таңдайды. Сұрақтарыңызды мынадай жолмен жолдай аласыздар:
- Instagram-дағы ресми парақша;
- Telegram-дағы ресми арна;
- Facebook-тегі ресми парақша;
- editor@corp.nur.kz поштасы (Хаттың тақырыбына міндетті түрде "Жауап керек" жобасына деп жазып қоюы шарт).
Әр екі аптада бұл сұрақтар көкейтестілігі және өзектілігі бойынша іріктеліп, салалық ведомстволарға сауалхат ретінде e-otinish арқылы жолданады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175110-zhauap-kerek-mams-ushin-zhalaqydan-ustalatyn-aqshanyng-qoldanylmagan-boligi-qaida-zhumsalyp-zhatyr/