Атырау базарындағы кісі өлтіру оқиғасы: айыпталушыға қатысты сот басталды
Жарияланған күні:
Атырау қалалық №2 сотында жаздың басында "Дина" базарында ұрып-соғу салдарынан қаза тапқан ер адамның ісі бойынша ашық сот отырысы басталды, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Басылымының ақпаратына сәйкес, марқұмның өліміне кінәлі деп айыпталып отырған 39 жастағы Мұхтар Ахмедовтің кәмелет жасына толмаған бес баласы бар. Үлкені 17-де болса, кенжесі 2 жаста. Өзі "Ризық" шаруа қожалығының директоры болып жұмыс істейді.
Оған 6 маусымнан бері күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Оның марқұмға қол жұмсап, басынан бірнеше рет ұрғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл бейнежазба маусымда әлеуметтік желіде де тарап, қоғамда дау туғызды.
Прокурор айыптау актісін оқып жатып, айыпталушының ауыр санаттағы қасақана қылмыс жасаған деп, әрі қарай оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның сөзінше, айыпталушы Ахмедов азық-түлік сатып алу үшін Атыраудағы "Дина" сауда базарының көтерме тауар сататын қойма алдына Mercedes-Benz көлігін қойған. Осы кезде сатып алған заттарын тиеп жатқанда марқұм Сағынғалиев "Газель" жүк көлігін қоятын орын таба алмай, енді тоқтай бергенде Ахмедовтің көлігінің есігін байқамай майыстырып алады. Көлігіне зақым келгеніне ашуланған Ахмедов қолындағы жұмыртқа қорабынан бір данасын алып, Сағынғалиевтің көлігіне қарай лақтырады. Мұнысын түсінбеген Сағынғалиев көлігінен түсіп, сыртқа шығады. Осы кезде Ахмедов оны соққыға жығады.
"Оқиғаның мән-жайын түсіндіруге мүмкіндік бермей, Сағынғалиевтің өзіне қарсы тұра алмайтынын және оның физикалық тұрғыда одан басым екенін түсініп, денсаулығына ауыр дәрежедегі жарақат келтіру арқылы болған оқиғаның есесін алуға бекінген.
Ахмедов көздеген қылмыстық құқықбұзышылық пиғылын жүзеге асыру мақсатында Сағынғалиевке оқиғаның мән-жайын талқылауға мүмкіндік берместен, Сағынғалиевтің сол жақ бас және бет сүйегі аймағынан үздіксіз төрт рет, иек аймағы астынан жоғары қарай екі рет, сол жақ бас және бет сүйегі аймағынан екі мәрте бар күш-жігерімен соққылар жасап, өзінің оң жақ қолымен Сағынғалиевтің желкесінен ұстап тартып, автокөлік тұрған жаққа қарай жұлқылап әкеліп, өзінің оң жұдырығымен Сағынғалиевтің сол жақ бас және бет сүйегі аймағынан бір рет қатты соққы жасаған.
Соққы салдарынан Сағынғалиев жерге құлап, отырып қалып қайта тұрған сәтте, оны желкесінен ұстап жұлқылаған. Одан әрі Ахмедов Сағынғалиевке қатысты жасалған жаппай соққыларының салдарынан оның құламағынын көріп, оң жақ бас және бет сүйегі аймағынан сол жақ қолының жұмылған жұдырығымен бір рет қатты соққы жасап, дене жарақаттарын келтірген. Бұл қатты соққы салдарынан Сағынғалиев есін жоғалтып жерге құлаған. Осы сәтте Ахмедов көлігіне қарай кетеді", - деп оқыды прокурор айыптау актісін.
Басылымының ақпаратынша, барлығы тоғыз соққы болған.
Осы оқиғаға куә болған Сұлтанбек Жұматаев марқұм Сағынғалиевті тұрғызбақ болады, бірақ тұрғыза алмайды. Сағынғалиев есін жимаған күйі жатады. Бұдан кейін Ахмедов ес-түссіз жерде жатқан Сағынғалиевтің оң жақ қолынан, куә Жұматаев сол жақ қолынан ұстап көтеріп, қойма алдында жинаулы тұрған қораптарға қарай сүйреп апарып, сүйеп отырғызған. Кейін Сағынғалиев жедел жәрдем автокөлігімен ауруханаға жеткізіледі.
Прокурордың сөзінше, сот-медициналық сараптама да Сағынғалиевтің ауруханада жансақтау бөліміндегі өлімі жабық ми жарақаты салдарынан болғанын, бас сүйектері жарылып, миына қан құйылғанынан болғанын көрсетті деп отыр.
Келесі сот отырысы 30 қазанға белгіленді. Судья З.Қазақбай сотқа қатысушылардың көп екенін ескеріп, келесі сот отырысын басқа сот ғимаратының кең залында өтетінін айтты. Онда алдымен куәлердан, кейін сарапшылардан, одан соң жәбірленушілерден және сотталушыдан жауап алынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175170-atyrau-bazaryndagy-kisi-oltiru-oqigasy-aiyptalushyga-qatysty-sot-bastaldy/