"Ақшаны алғаннан кейін із-түссіз жоғалып кеткен": Алматы облысында 18 жастағы жігіт ұсталды
Жарияланған күні:
Алматы облысы Қарасай ауданының тәртіп сақшылары бірнеше алаяқтық фактісіне қатысы бар 18 жастағы жігітті ұстады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық ПД-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ұсталған адам сегіз эпизодқа қатысы бар, ол жергілікті тұрғындардан алаяқтық жолмен ақша иемденген.
"Полицияға белгісіз ер адамның әрекетінен зардап шеккен азаматтардың арыздары түсе бастады. Жәбірленушілердің айтуынша, капиталды ұлғайту сылтауымен жігіт олардан ақша алған. Ақша алғаннан кейін ол өз міндеттемелерін орындамай із-түзсіз жоғалып кететін. Жалпы шығын бес миллион теңгеден асты", - деп атап өтті Қарасай аудандық полиция басқармасының бастығы Елзат Қанатұлы.
Полицейлердің жедел әрекеттерінің арқасында күдікті қысқа мерзімде анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта оған қатысты сегіз алаяқтықтың фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Біз алаяқтыққа тап болғандардың барлығын дереу полицияға хабарласуға шақырамыз. Келісім жасаған кезде әрдайым қырағы болыңыз және ақшаны бермес бұрын немесе бейтаныс адамдармен қаржылық қарым-қатынасқа түспес бұрын әрқашан ақпаратты тексеріңіз", - деп ескертті Елзат Қанатұлы.
Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріліп, тергеу жалғасып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2175938-aqshany-algannan-keiin-iz-tussiz-zhogalyp-ketken-almaty-oblysynda-18-zhastagy-zhigit-ustaldy/