Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен саған өкпелемеймін": жуырда өмірден өткен Гүлнәр Сиқымбаева туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Гүлнәр Сиқымбаева
Гүлнәр Сиқымбаева. Фото: kino-teatr.ru

м"Мен саған өкпелемеймiн", "Жан шуағым - мерекем", "Ғажайып танго" әндері арқылы әнсүйер қауымның көңіл төрінен орын алған белгілі эстрада әншісі, Қазақстан және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаева қазақ өнерінің дамуына эстрада жұлдызы ретінде де ұстаз ретінде де мол үлес қосып кетті. Бұл материалымызда алпыстан енді асқан шағында дүние салған халқымыздың сүйікті әншісінің өткен өміріне көз жүгіртіп, әндерін тағы бір еске алуды жөн көрдік.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Гүлнәр Сиқымбаева – белгілі эстрада әншісі, Қазақстан және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі.
  • Әнші "Мен саған өкпелемеймiн", "Мерекем сен", "Бишi қайың", "Қыз-қарағай" сияқты танымал әндерді орындаған.
  • Гүлнәр Сиқымбаева 25 жылдай "Гүлдер" ансамблінде, кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қызмет атқарған.

Гүлнәр Сиқымбаева 1961 жылы Түркістан облысы Төлеби ауданы Жамбыл ауылында отбасындағы он бес баланың үлкені болып дүниеге келген.

Әншінің өзінің сөзінше, өнер жолын таңдауға анасы себепкер болған екен. Басылымдардың біріне берген сұқбатында анасы өмірден ерте өтіп кеткенін, анаға деген сағыныш өнер әлеміне алып келгенін айтады: "Анам Сындар 39 жасында қайтыс болды. Кеңшарда сауыншы болып жұмыс істеуші еді, қасында қолқанат болып көмектесіп жүрдім. Сол аяулы анамның ән салғанын бір-ақ мәрте естідім. Сол дауыс мәңгілікке құлағымда қалып қойды. Бәлкім, анама деген ыстық сағынышым, іштегі мұңым, шерім болар, анамды ойласам, көбінесе сол ән салған сәті көз алдыма келеді. Жағымды үні құлағыма естіледі. Әншілік жолды таңдауыма осы жайт та көп әсер етті ғой деймін".

Кішкентайынан өнерге құмар болған әнші алғаш рет сахнаға мектеп қабырғасында оқып жүргенде шығады. Әкесі қызының мұғалім болғанын қалағанымен, Гүлнәр Сиқымбаева әншілікті таңдайды: "Кішкентай кезімізде ауылда Уәлихан деген бала сырнай тартып, өнерімен елдің бәрін айран-асыр қылатын. Бойы бір қарыс, сырнайды құшақтағанда басы қылтиып, әрең көрінеді. Дәл сол баладай елді таңғалдырып, алғысын алуды мен де армандадым. Әрине, әкем мұғалім болуымды қалады. Бірақ, басқа жолды таңдағаныма еш ренжіген жоқ".

3-сыныпта оқып жүргенде Ментай Жалбиев деген ағайымыз көрші ауылға аудандық байқауға алып барды. Сонда сахнаға шығып, бір шумақ өлең оқыдым. Қаншама рет үлкен сахнаға шығып ән салдым, қаншама рет толқыдым, жүрексіндім... Бірақ бала кездегі сол сахнаға шыққаным, қатты толқып әбіржігенім, елдің риза болып қол шапалақтағаны, кәдімгідей арқаланып, ауылға бал-бұл жанып қайтқаным еш есімнен кетпейді. Гүлнәр Сиқымбаева

Шығармашылық жолы

1980 жылы әнші Бірінші мамыр ауылындағы Соболевтер отбасылық ансамбліне қабылданады. Отбасылық ансамбль жас әншінің үлкен өнерге қанат қағуына ықпал етеді. Ал 1985 жылы атақты "Гүлдер" ансамбліне қабылданып, 25 жылдай осы өнер ұжымында еңбек етеді. "Мен саған өкпелемеймiн", "Бишi қайың", "Қыз-қарағай", "Сары бидай", "Мен деп ойла", "Сүйген жүрек", "Туған жер", "Наркескен", "Күз секiлдi" сияқты танымал әндерді орындаған. Ал өмірінің соңғы жылдарында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарған.

"Хабар" телеарнасы түсірген "Ұят болмасын" тележобасында қалың көрермен әншінің актрисалық қырына тәнті болды. Ол бағарламада әнші Бақыт Жұмаділовтің жары болып ойнаған.

"Ұят болмасын" тележобасында Бақыт Жұмаділов ағамызбен жұп қылып ойнатушы едік. Гүлекеңнің бойы Бақыттан әжептеуір биік болатын-ды, қызық болсын деп екеуін ерлі-зайыпты етіп қосып қойдым. Сценарий бойынша Гүлнар ханым "төсегі жиылмайтын" әйелдің рөлінде қайта-қайта төркініне кете беретін, Бәкең соған күйіп-пісіп жүретін-ді. Түсірілім кезінде екеуі бір-біріне сөйлемей жатып күле бастайтынбыз", - деп еске алады бағдарлама продюсері Серік Абас-Шах.

Гүлнәр Сиқымбаева, Бақыт Жұмаділов
Гүлнәр Сиқымбаева, Бақыт Жұмаділов "Ұят болмасын" бағдарламасында. Видеодан кадр: youtube.com/@Khabar_TV

Белгілі композитор Марат Ілиясовтың "Мен саған өкпелемеймін" әні Гүлнәр Сиқымбаеваның "паспортына" айналған ән болды десек қателеспегеніміз. Сазгер Марат Әлиясов әннің шығу тарихын былай еске алады: "Осы ән сәтті шықты-ау деп біраз ақындарға сөз жаздырдым. Бірақ ешқайсы көңілімнен шықпады. Бір күні Мұхтар Шаханов ағаға: "Аға, сіз өзіңіз де ән шығарасыз. Әннің жағдайын жақсы түсінесіз. Осы әнге бір сөз жазып беріңізші", дедім. Ол кісі тыңдады да, "Әнің жақсы екен. Күтесің. Әніңе жақсы өлең шығады" деді. Теледидардан бір-ақ рет айтылды. Сол күннен бастап жұрттың бәрі ыңылдап айтып жүрді. Теледидардан төртінші, бесінші рет берілгенде жұрттар сөзін жаттап алды".

Сөзіне сазы келіскен ән, әсіресе, Гүлнәр Сиқымбаеваның орындауында ерекше түрлене түскендей.

Отасы

"Мақсатына жеткендер" бағдарламасына берген сұқбатында өмірлік серігі өзге ұлт өкілі болғанын, онымен 38 жыл бірге тұрғанын айтады.

"Мұны айту маған оңай емес. Ащы болса да, бұл өзіме ауыр. Ол кісімен 38 жыл өмір сүрдім, 40 жылға екі-ақ жыл жетпеді. Ауыр дейтін себебім, жолдасым, балаларымның әкесі, өзімнің жарым басқа ұлттан болды, славян халқынан. Бірақ өзіме өте жайлы болды. Осы Алматыға туған".

Әнші жарымен "Гүлдер" ансамблінде жүргенде танысқан.

"Ол дыбыс режиссер", жарық қоюшы еді. Тура концертте сахнаға шығар кезде аяқ киімімнің өкшесі түсіп қалады. Салмағым да оңай емес. Мен қалай шығамын? Енді қайттім? Сахна ондайды кешірмейді. Көрермендер отыр. Жаңағы жігіттің сынған аппаратты балғамен ұрып жатқанын көріп қалғанмын. Соған жүгіріп барып, "Жөндеп берші" дедім. Тағдыр шығар, неге жүгіргенімді білмеймін?! Ол балғасымен өкшені тарс-тарс қағып берді. Мені хабарлап жатыр, сахнаға дереу шығып, әнімді айттым. Зал деген толы, көрермен көп. Сондай қиындықтан алып шыққаннан кейін ол жігітті қалай бір кесе шайға шақырмаймын деп ойладым. Жалғыз ол емес, бір-екі бишіні де шақырдым. Ертеңіне 8 наурыз екен, ол маған бір тал гүл сыйлады. Концерттен кейін ол жігіт мені кафеге шақырды. Содан аралас-құралас болып кеттік. Сол жігітке тұрмысқа шықтым", - деген екен әнші сұқбатында.

Әнші көзі тірісінде Байыр есімді жалғыз перзентінен немере сүйіп, әже атанған.

Гүлнәр Сиқымбаева
Гүлнәр Сиқымбаева. Фото: instagram.com/vecherniy.temirtau

"Күз секілді биылғы көктем маған" деп шырқаған әнші биыл күзде қайтпас сапарға аттанып кете барды. Өнер көгінде жұлдыз боп жарқыраған Гүлнәрдай әншінің өзі кетсе де, қазақ даласында оның әуелеген әні қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2176284-men-sagan-okpelemeimin-zhuyrda-omirden-otken-gulnar-siqymbaeva-turaly-ne-bilemiz/