Қостанай атауын өзгерту туралы қауесет таралды
Жарияланған күні:
Желіде Қостанай қаласын Санар деп қайта атау туралы ақпарат жарияланды. Қостанай облысының әкімдігі бұл мәлімдемеге жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл хабарлама TikTok-тағы жалған жаңалықтар жарияланатын парақшасында пайда болған. Қостанай облысының әкімдігі бұл әзіл постқа қарамастан, оған жауап беріп, ақпаратты жоққа шығарды.
"KazNews агенттігінің Қостанай қаласын Санар деп қайта атау туралы ақпаратына байланысты, бұл жарияланымда ешқандай сілтеме немесе дәлелдер жоқ екенін мәлімдейміз. Сондықтан бұл мәлімет шындыққа жанаспайды (фейк). Еске саламыз, жалған ақпарат таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған", - делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавл қаласын қайта атау мәселесі көтерілген болатын. Желіде Петропавлды Қызылжар деп қайта атауды ұсынған петиция 2022 жылы пайда болды. Кейін бұл бастама жайлы мәжіліс депутаттары пікір білдірді. Жақында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
"Бүгін бұл мәселе көтерілмейді деп айта алмаймын, оны қолдайтындар бар, ал өзгелері қазір атауды өзгертетін уақыт емес дейді. Біз осының бәріне жауап береміз. Бұл саяси мәселе емес", - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2177048-qostanai-atauyn-ozgertu-turaly-qaueset-taraldy/