Жетісу облысында экс-әкімге "тасқыннан кейін салынған тұрғын үйді меншіктеп алған" деген айып тағылды
Жарияланған күні:
Жетісу облысында тұрғындар экс-әкімді "алапат су тасқынынан кейін салынған үйлердің бірін заңсыз иемденіп алды" деп айыптап отыр. Бұл туралы Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жетісу облысындағы Қызылағаш ауылында алапат су тасқынынан кейін салынған үй төңірегінде дау шықты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрынғы әкім баспананы заңсыз иемденіп, туыстарының атына рәсімдеп қойған.
2010 жылы Қызылағашта бөгет бұзылып, ауылды су басты. Қайғылы жағдай салдарынан 45 адам көз жұмды. Елдімекенді қалпына келтіруге ел тұрғындары атсалысты, зардап шеккендерге жаңа тұрғын үйлер салынды.
Тұрғындардың айтуынша, сол кезде демеушілер қосымша 12 үй салып берген. Ол үйлер баспанасыз қалған тұрғындарға арналып салынған. Сол үйлердің бірін Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Айдар Самиховтің отбасы иеленген, алайда тасқынға дейін олардың ешқайсы бұл ауылда тұрмаған.
"Ол жалған ақпарат беріп, сотты алдады, біз соған ашулымыз. Ол жалған құжат жасап, үйді жекешелендіріп, кейін тұрғын үйді туысының атына жазып қойды", - дейді Қызылағаш ауылының тұрғыны Сәуле Әмитова.
Жергілікті тұрғындар Айдар Самихов Қызылағашқа қайғылы жағдайдан бір жыл өткен соң – 2011 жылғы маусымда ауысып келгенін айтады. Экс-әкімнің өзі заңсыз жекешелендіру фактісін мойындамай, отбасы коммуналдық меншіктегі үйде тұрғанын айтқан.
Алайда кейін Самихов Ақсу ауданы әкімінің аппаратына үйге меншік құқығын тану туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Өткен аптада судья өтінішті қанағаттандырды.
"2015-2016 жылдары округ әкімі аппаратының бас маманы болған Айдар Самихов үйге көшіп кірген, 2017 жылы сот шешімімен тұрғын үй Самиховтің туысының меншігіне өткен.
2019 жылы ауыл тұрғындары шағымдану процесін бастады. Самихов тұрғын үйді нотариалды тәртіппен округ әкімі аппаратының балансына қайтарды. Бірақ кейін сот арқылы өзіне қайта қайтарып алды", - дейді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Нұрлан Досмақов.
Округ әкімдігі үйді жергілікті билік балансына қайтару туралы сотқа жаңа талап арыз түсірді. Енді даулы баспана мәселесін сот шешеді. Айдар Самиховтің өзі бұл жағдайға пікір білдірмеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2177661-zhetisu-oblysynda-eks-akimge-tasqynnan-keiin-salyngan-turgyn-uidi-menshiktep-algan-degen-aiyp-tagyldy/