Кәсіпкердің 75 млн теңгесін жымқырды деген күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды (видео)
Жарияланған күні:
75 миллион теңгеден астам сомада алаяқтық жасады деген күдікті Қырғызстаннан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бас прокуратура Telegram-дағы арнасында аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған Қазақстан азаматын Қырғызстаннан экстрадицияланғанын хабарлады.
Күдікті 2023 жылы Алматыда желдетуге арналған бөлшектер мен кондиционерлерді жеткіземіз деген сылтаумен кәсіпкердің 75 миллион теңгеден астам қаржысын жымқырған. Қылмыс жасағаннан кейін алаяқ қашып кеткен, сол себепті ол халықаралық іздеуге жарияланған.
Биыл мамырда ол Бішкек қаласында ұсталып, одан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2179884-kasipkerding-75-mln-tenggesin-zhymqyrdy-degen-kudikti-qyrgyzstannan-ekstraditsiialandy-video/