Алматы көшелерінде есірткі жарнамасының QR коды бар хабарландырулар көбейген
Жарияланған күні:
Алматыда азаматтарды есірткі таратуға шақыратын, бұл үшін қомақты төлемдерді уәде ететін QR-коды бейнеленген парақшалар жиі кездеседі. Полицейлер есірткі насихаттап және жасырғандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Алматыдағы көпқабатты үйлердің кіреберісінде қағаздар ілініп тұр. Жай ғана жұмыс туралы хабарландыру деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда дәл осы қағаздағы QR-кодқа өтсеңіз, есірткі сататын телеграм каналдан бір-ақ шығасыз. "50 мың рубльден бастап табыс, еркін жұмыс кестесі". Қағаздағы бұл жазу екі қолға бір күрек таппай жүргенді қызықтыратыны сөзсіз.
Психотроп заттардың саудасын қыздырғандар дәл осындай жолмен тауар тасымалдап, тапсырысты жасыратын адам іздейді екен. Жуырда Алматыда осындай қағаз жабыстырып жүрген екі адам ұсталған. Бірі — 35 жаста, екіншісі кәмелетке енді толған. Олардан 300-ден астам есірткі дүкенінің QR-коды бар хабарландыру тәркіленді. Есірткі жарнамасын жабыстырумен айналысқандар қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған. Бірі дайын хабарландыруды жабыстырса, енді бірі бояу көмегімен үйлердің қасбетіне психотроп заттарды сататын ресурстардың мекенжайын жазып кетеді. Полицейлер қағаздарды жұлып, бояуды үстінен өшіреді. Бірақ көп ұзамай, жаңа жарнама қайта пайда болады дейді.
"Биыл Алматыда есірткіні насихаттап жүрген 30 адам ұсталды. Бесеуі сотталды. Есірткі насихатына қатысты 10 мыңға жуық сурет табылып, оны бояумен жойдық", - деді Әуезов ауданы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Дәурен Майлықбаев.
Құзырлы орган өкілдері мұндай күмәнді жұмыс берушілерден аулақ болу керек екенін ескертеді. Ал осындай хабарландыру мен жарнаманы көрген жағдайда, дереу 102-ге хабарлауды сұрайды. Қағазды жабыстырғандар да, есірткіні жасырумен айналысқандар да қылмыстық жауапқа тартылады. Ал интернет-дүкен иелері көбіне шетелде отырғандықтан, оларды ұстау қиын дейді полицейлер.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180382-almaty-koshelerinde-esirtki-zharnamasynyng-qr-kody-bar-habarlandyru-kobeigen/