Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде полиция капитанын Lexus капотында сүйреді деген әйелдің ісі сотқа жетті

Жарияланған күні:

сот отырысы
Сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қалалық сотында полицияны капотында сүйреді деген келіншекке қатысты сот отырысы басталды. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 380-бабы 3-бөлігі, яғни, "Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері" бабымен айып тағылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Бүгін прокурор айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыпталушы оқиғаның қалай болғанын баяндады.

"22 қыркүйекте сағат 05:00-де полиция қызметкері Данияр Аймағамбетов Прохоров көшесіне барды. Ол жерге бұған дейін ұсталған Б. С.-ны алып жүруге барды. Ол көлікті мас күйінде жүргізгені медициналық тексеру кезінде анықталды. Айыппұл тұрағына көлікті қою үшін рульге Данияр Аймағамбетов отырады. Оның жанында болған Б. С. жолда қолма-қол ақшаны азаматтық некедегі әйеліне беруі керек екенін айтады. Ал ол көлік Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы мен Тілеу батыр көшелерінің қиылысында күтіп тұрған. Аймағамбетов тоқтау заңсыз екенін біле тұра келіседі. Кейін Б.С. көліктен шығып, күтіп тұрған көлікке қарай жүгіреді. Олардың қашпақ болғанын білген Аймағамбетов көліктің алдыңғы есігіне қарай жүгіреді. Есіктің құлыпталғанын біліп, көлікті тоқтату үшін алдына шығады. Сол кезде капотқа жабысып алады. Ал рульде отырған Ж. Ө. полиция қызметкерін біле тұра әдейі жүреді. Бірнеше метр жүрген. Бірнеше рет ескерту жасағанына қарамады. Сол кезде полиция патрулінің көлігі келеді. Кульманов көлікпен алдын кесе көлденең тұра қалады. Аймағамбетов капоттан секіріп түседі. Ал Ө. белгісіз жаққа кетіп қалады. Сот сараптамасы кезінде полиция қызметкерінің зардап шекпегені анықталды",- деді прокурор Қуаныш Күзенбаев.

Жәбірленуші – Ақтөбе қалалық басқармасы патрульдік полициясының рота командирі Данияр Аймағамбетов. Үйленген, бір баласы бар. Жоғары білімді. Құқық қорғау саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар.

Жәбірленуші жауабында тұра қашқан құқық бұзушыны тоқтату үшін артынан жүгіргенін, қалай капоттан ұстағанын баяндап берді.

"Сол күні мен №2 қалалық полиция бөлімінің аумағында кезекшілікке түстім. Маған экипаж хабарласып, жүргізушіні мас күйінде сараптамаға апара жатқанын айтты. Сол кезде сараптама орталыққа барғанда тексерілгенін білдім. Көлікті айыппұл тұрағына жіберді. Мен рульге отырдым, Сол кезде Б. С. "әйелімді шақырып қойдым, ақшаны беріп жіберейінші" деп айтты. Қолында ақшасы болды. Lexus автокөлігінің жанына тоқтаған кезде Б.С. жүгіріп, көлікке мініп алды. "Қайда барасың?" дегенді тыңдамай, есікті құлыптап алды. Машинаның алдына бардым. Мен капоттан ұстап тұрғанда жүріп кетті. "Тоқта" дегенді тыңдамады. Дәл канша метрге апарғанын білмеймін. Жылдамдығы сағатына 40 шақырым болған шығар. Көлік екі квартал жүрді", - деді жәбірленуші полиция қызметкері Данияр Аймағанбетов.

Жәбірленушінің үстінде полиция қызметкерінің киімі болған, сары жилет кимеген. Сотта құқық бұзушының көлігіне міну себебін "көлікте ақша бар деген соң рұқсат бердім" деп түсіндірді.

Ал сотталушы өзіне тағылған айыпқа келіскен жоқ. Осыған дейін үйқамақта отырғанын айтып, полиция қызметкерінен сот залында кешірім сұрады.

"Үйде ұйықтап жатқанда таңертең азаматтық некедегі күйеуім хабарласты. Ол келуімді сұрады. Бірақ неге екенін айтпады. Бұл таңда болды. Балалар үйде қалды. Тез барып келемін деп ойладым. Мекенжайға барғанда жолаушы отыратын есіктен шықты. Неге екенін түсінбедім. Сол кезде көліктен тағы бір адам шықты. Мен оның киімі қандай болғанын білмеймін. Жүгіріп келе жатқан соң кім екенін ұқпадым. Б. көлік ішіне келіп отырған соң бірден есікті жауып тастадым. Газ бен тормозды қорыққаннан шатастырып алдым. Сол кезде жүгіріп келген адам капотқа жата қалды. Қорыққаннан жүрдім. Патрульдік көліктің тоқтат деп айтқанын да естімедім. Күйеуім де тоқта дегенімен, мен шокта болдым. Алдымнан полиция көлігі көлденең тоқтағанда мен тоқтаттым. Сол кезде капоттағы адам түсіп қалды. Мен оқиға орнынан кетіп қалдым. Мен оларға зиян тигізейін демедім. Мен өкінемін, кешірім сұраймын. Үйге келген соң тыныштандыратын дәрі ішіп, ұйықтап қалдым. Кешкісін адамдар келді. Оны есіктен қарауға мүмкін болмады, қарайтыны жоқ. Қатты түрте бастады. Есікті ашуға қорықтым. Сол кезде электр тогы өшіп қалды. Ертеңіне енем келді. Сол кезде ғана есікті аштым", - деп түсіндірді айыпталушы полицияға ұзақ уақыт есік ашпау себебін.

Сотта айыпталушының үш баласы бар екені айтылды. Оның екеуі қазіргі азаматтық некедегі күйеуінен. Мемлекеттік айыпталушы сотта оның тергеу кезінде берген жауабын оқыды. Онда айыпталушы "Тоқтағанда полиция қызметкерін көлік капотынан секіргенін көрдім. Кейін үйге қарай бұрылдым", - деген.

Айта кетейік, бұл істе үш куәгер бар. Бәрі де полиция қызметкері.

Еске сала кетейік, осыған дейін Ақтөбе облыстық полиция департаменті өкілдері полиция капитанын капотында сүйреді деген ерлі-зайыптының ұсталғанын хабарлады. Ал әлеуметтік желідегі пабликтерде құқық бұзушының "Автопарк" ЖШС-ның қожайыны, экс-депутаттың ұлы екені айтылды.

Соттың келесі отырысы 8 қарашаға қалдырылды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180778-aqtobede-politsiia-kapitanyn-lexus-kapotynda-suiredi-degen-aielding-isi-sotqa-zhetti/