Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында екі адам қаза тапқан жасөспірімдердің жаппай төбелесіне қатысқандарға сот үкімі шықты

Жарияланған күні:

сот үкімін оқып тұрған судья
Сот залынан фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелеске қатысқан алты адамға қатысты сот үкімі шықты. Оның төртеуі бас бостандығын шектеу жазасымен сот залынан босап шықса, екеуіне 18 және 15 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленуші тарап сот үкіміне келіспейді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Адам өлтіру", "Бұзақылық" баптарымен алты адамға үкім шықты.

"Сот Ұ-ға түпкілікті 18 жыл берді. Әрекеттің бастамашысына екі баппен айып тағылды. М-ға 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалған сотталушыларға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Азаматтық талап арыз берілді. Барлығынан 150 млн теңге өндіру деп берілген. Ұ. мен М-нан әрқайсысынан 10 млн теңгеден моральдық шығын өндіріледі. Сонымен қатар 11 млн теңге материалдық шығын есептелген. Сот 4,6 млн теңге деп есептеп, әрқайсысынан 2,3 млн теңге өндіруге үкім етті. Сот тағылған айыптың бәрі де өз дәлелін тапты деп есептейді. Ұ. мен М-ның адам өлтіргені, адам өлтіруге оқталғаны өз дәлелін тапты деп санайды. Сотта іс материалдары зерттелді. Сараптама қорытындылары, куәлардың сөзі тыңдалды. Жәбірленуші О. саны мен екі жақ жамбасқа салынған соққыдан күретамыры кесіліп, қатты қан кетуден өлім болған. Ол жарақаттарды салған Ұ. мен М. екені дәлелін тапты. Сонымен қатар Ғ-ға пышақ салған Ұ. әрекетінен болған. Қалған төрт сотталушы 293-бап 3- бөлігімен сотталды. Әуел бастап келісіп шыққан, Ұ. мен О. арасындағы келіспеушілік екенін білген. Бара жатқанда үш сотталушы пышақ алып шыққан. Қасындағы балаларға көрсеткен, барған жағдайда төбелес болса не болатынын білген. Жаза тағайындаған кезде сотталушылардың жас екенін, үйленбегенін, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын, кінәсін мойындағанын ескерді", - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Ал жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Олар төбелеске қатысқандардың бостандыққа шыққанына наразы. Жәбірленуші спорт шеберінен үміткер ұлының өліміне кінәлілерді толық жазалауды сұрады.

"Бұл қылмыстық оқиға бойынша 8 ай тергеу болды. Үкімге толық келіспеймін. Балам кетті. Бірақ кінәлілер толық жазасын алғанын қалаймын. Олардың залдан босатылғанына қарсымын. Олар бұл істі қолдады. Қылмыста алдын ала сөз байласқан. Бір күн бұрын дайындалған, өлтірмек болған. Мақсаттарына жетіп отыр. Шектеу жазасы емес, бас бостандығынан айырылғаны керек. Апелляциялық шағым түсіреміз",- деді жәбірленуші Ботагөз Жайтақова.

Айтуынша, Сұлтанби Оңдасын 17 жаста, колледж студенті болған. Бокстан бірнеше жарыстарға қатысып, чемпиондықты алған.

"Үкіммен жартылай қанағаттанамыз. Алты сотталушының екеуі бас бостандығынан айырылды. Қалған төртеуіне бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Біз келіспейміз. Шектеу жазасымен шыққан адамдардың да қылмысқа қатысы бар. Себебі олардың қолында пышақ болмағанда, оны басқаға бермегенде бұл қылмыс болмайтын еді. Олар сот кезінде жауаптарын талай өзгертті. Апелляцияға береміз. Бас бостандығынан айырылғандар мерзімінен бұрын түрмеден шыға алмайды. Бізде заңда нақты жазылған. Кәмелетке толмағандардың өмірін қиятын болса, ол жазасын соңына дейін өтейді",- деді заңгер Бағдат Амандосұлы .

Айта кетейік, оқиға биыл 2 қаңтарда Ақтөбе қаласы Қызылжар елді мекенінде болды. Жасөспірімдер арасындағы төбелес әлеуметтік желіде басталды. Екі адам қаза болды. Екінші өлімге қатысты іс Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Танысын абайсызда өлтіріп алған сотталушы 1,6 жылға бас бостандығынан айрылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2180847-aqtobe-oblysynda-eki-adam-qaza-tapqan-zhasospirimderding-zhappai-tobelesine-qatysqandarga-sot-ukimi-shyqty/