ІІМ: Түркістан облысында экстремистік ұйымның жасырын тобы анықталды (видео)
Жарияланған күні:
ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегімен Кентау қаласында "Хизб-ут-Тахрир" діни-экстремистік ұйымының жасырылған тобын анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Басылым мәліметіне сүйенсек, бұл ұйымның идеологиясы елде зайырлы конституциялық құрылымды құлатып, "шариғат" нормаларын енгізуге бағытталған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында топ мүшелерінің терроризм идеяларын насихаттау, сондай-ақ діни көзқарасты қорлау фактілері анықталды.
Одан бөлек топ мүшелерінің "Хизб-ут-Тахрир" шетелдік радикалды уағызшыларының дәрістерін алу және тарату үшін интернет-ресурстарды пайдаланғаны белгілі болды. Топ жетекшісі бұған дейін тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін істі болған.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде 10 күдікті ұсталды. Олардың тұрғылықты жерлерін тінту кезінде діни-экстремистік әдебиеттер мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182484-iim-turkistan-oblysynda-ekstremistik-uiymnyng-zhasyryn-toby-anyqtaldy/