Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте қарасан індетінің бұрынғы ошақтары санитарлық қорғауға алынбаған

Жарияланған күні:

Қарасан індетінің бұрынғы ошағы
Қарасан індетінің бұрынғы ошағы. Видеодан кадр: 24.kz

Шымкентте қарасан індетінің бұрынғы ошақтары санитарлық қорғауға алынбағаны белгілі болды. Бұл туралы 24.kz сайты хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері сыртқы талдау жұмыстарын жүргізіп, вирус көмілген жердің қауіпсіз екеніне күмән келтірген. Алайда ветеринарлық мамандар жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ дейді.

Телеарна мәліметіне сүйенсек, биіктігі 1,5 метр болатын бетондалған қоршау ішіне қауіпті ауру жұқтарған ірі қаралардың өлексесі көмілген. Қарасан вирусының ошағы да дәл сол аумақта. Сыртындағы жазба әрең көрінгенімен, оның 1968 жылы тұрғызылғанын аңғаруға болады.

Індет ошағына Көкбұлақ тұрғын алабы тым жақын орналасқан. 50 жылда халық саны өсіп, жаңа учаскелер де көбейген. Сондықтан жергілікті тұрғындар ол маңда егін егіп, жиын-терімнен соң мал жаюға үйреніп қалған.

"Жылдан жылға ауылымызда үйге үй қосылып жатыр. Жанымызға жан қосылып жатыр. Ауылымыз өсіп келе жатыр. Өте қауіпті болса бұл жерге жақындатпайтын шығар. Мемлекетіміз де қарап қалмас", - деді қала тұрғыны Шохан Жұрманов.

Өкінішке қарай, қала аумағында тіркелген 8 бірдей індет ошағына қатысты қауіпсіздік талаптары бұзылғаны анықталды. 1 шақырым болатын радиуста егіс алқабынан бөлек қоражайлар мен өндіріс орындары тұрғызылған екен. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері санитарлық қорғау аумағы қатаң сақталуы керек екенін мәлімдеді.

"Талдау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардан халық үшін жағымсыз салдарға жол бермеу бойынша ұйымдастырушылық - басқарушылық шешімдер кешенін қабылдау ұсынылды", - деді Қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов.

Биыл көктем мен күз айларында індет ошақтарындағы топырақтан 23 рет зертханалық сынама алынған. Ветеринарлық мамандар оның қорытындысы теріс нәтиже көрсетіп, қауіп белгілері байқалмағанын айтады. Ал санитарлық қорғау аумағын сақтауға бұрын салынған нысандар кедергі болып тұр дейді.

"1 км радиус шеңберінде ешқандай ол жерге тұрғын үйлер, қора-жайлар болмауы керек. Оған дейінгі болған нысандарды біз көшіре алмаймыз ғой. Ең бастысы, өзіміздің ошақ шыққан аумақта санитарлық талапқа сай қоршап қойдық", - деді Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.

Жергілікті бюджеттен ауру ошақтарына зертханалық талдау жасау үшін 1 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Сонымен қатар бұл ақша қоршауды күтіп ұстау мен тұрғындарды ақпараттық-түсіндіруге жұмсалады. Ал Антикордың нұсқауын орындау үшін бірлескен жиын өткізіп, мәселенің мән-жайын талқылау жоспарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2182958-shymkentte-qarasan-indetining-buryngy-oshaqtary-sanitarlyq-qorgauga-alynbagan/