ҚМА өкілдері қоғам белсендісі Алмасбек Садырбай ұсталғанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Қоғам белсендісі, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратта Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы А. Садырбайдың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегені айтылған.
"Ол басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдікке ілінді.
Негізгі мақсат – ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды", - делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілген.
"Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылған.
Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған", - дейді ведомство өкілдері.
Агенттік мәліметінше, А.Садырбай ұсталып, оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауына алынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2183604-almasbek-sadyrbaev-ustaldy/