Шымкентте алимент төлеуден жалтарған 22 борышкер сотталды
Жарияланған күні:
Шымкентте жыл басынан бері кәмелетке толмаған балаларын асырау үшін алимент төлеу міндетін орындамаған 22 борышкер қылмыстық жазаға тартылды. Бұл туралы otyrar.kz хабарлайды.
Басылым мәліметінше, олардың барлығы бұдан бұрын әкімшілік жауапқа тартылған. Кейіннен халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос жұмыс орындарына орналасудан бас тартқан.
Сот борышкерлерді Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Биыл алимент төлемегені үшін 145 борышкер 5 күнге дейін әкімшілік қамаққа және 78 борышкер айыппұл төлеу туралы әкімшілік жауапқа тартылды.
Жыл басынан алимент өндіру үшін заңда қарастырылған атқарушылық әрекеттерін жүзеге асырмаған 70-тен астам сот орындаушысы прокурорлық актілер негізінде тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
Осы ретте қала прокуратурасы алимент төлемегені үшін әкімшілік және 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескертеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2184341-shymkentte-aliment-toleuden-zhaltargan-22-boryshker-sottaldy/