"Қарыздың өсуі бюджеттік дағдарысқа әкелуі мүмкін": Аймағамбетов елдегі бюджет тапшылығының себептерін атады
Жарияланған күні:
Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Қазақстандағы бюджет тапшылығының себептерін атады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ депутаттың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы тағы бірнеше мәселемен байланысты: мемлекеттік қарыз, әртүрлі қорлардың "екінші бюджет" ретінде пайда болуы, тиімсіз бюджетаралық қарым-қатынастар және бюджеттік тәртіптің әлсіздігі.
"Мемлекеттік қарыз және оны қоғам тарапынан бақылау мәселесі әлі де шешілмеген күйде қалып отыр. Бізге сыртқы және ішкі қарыздардың қатаң ашықтығын және бақылауын қамтамасыз ететін жүйе қажет. Қарыздың әрі қарай өсуі бізді бюджет дағдарысына әкелуі мүмкін. Кодекс жобасында біздің түзетулерге қарамастан, бұл мәселе жүйелі түрде шешілмей тұр", - деді ол.
Осы ретте Аймағамбетов квазимемлекеттік қарыздарға жеке тоқталған.
"Квазимемлекеттік құрылымдар көбінесе парламенттік және қоғамдық бақылаусыз ірі көлемде қарыз алады. Бұл жағдай мемлекеттік органдарға осындай қарыздарды Парламентпен келісусіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін лазейкаға айналды. Жаңа Бюджет кодексі бұл лазейкаларды толық жаппайды және мұндай бақылаусыз қарыздарды шектемейді. Үкімет қарыздың қауіпсіз деңгейі туралы мәлімдемелермен тыныштандыруға тырысуда, бірақ бұл жағдай одан да үлкен алаңдаушылық тудырады", - дейді депутат.
Ол "екінші бюджет" және бюджеттен тыс құрылған қорлар Жоғарғы аудит палатасының жалпы қаржылық бақылауынан тыс қызмет ететінін айтты.
"Екінші бюджет" ретінде жұмыс істейтін әртүрлі қорлар парламенттің және тіпті Жоғарғы аудит палатасының жалпы қаржылық бақылауынан тыс қызмет етеді. Қаржылық жоспарлаудың біртұтастығын қалпына келтіру үшін олар жалпы стратегияның бір бөлігі болып, Парламентке есеп беруге міндетті болуы керек. Бюджет бірыңғай болуы тиіс, ал бұл мәселеге қатысты біздің түзетулеріміз әлі де талқылау кезеңінде", - дейді Аймағамбетов.
Одан бөлек, депутат әлі де "Самұрық-Қазынадан" дивидендтерді бюджетке аудару мәселесі шешілмеген атап өтті.
"Самұрық-Қазынадан бюджетке дивидендтер аудару мәселесі де әлі шешілген жоқ. Дивидендтер бюджетке түсіп, қажет болған жағдайда Самұрық-Қазына компанияларының инфрақұрылымдық жобаларын қайта инвестициялауға бағытталуы тиіс.
Ең бастысы, барлық қаражат бюджет арқылы өтуі керек. Қазіргі таңда, жүздеген миллиард, тіпті триллионға жуық қаражат бюджеттен тыс қалып отыр деуге болады. Бұл қаражаттың бір бөлігі үкіметтің тапсырмасы бойынша әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға және басқа да әлеуметтік бағыттарға жұмсалады, алайда бұл қаражаттың жұмсалуы ашық емес, бюджеттің жалпы мақсаттарымен байланысты емес және қоғамдық әрі бюджеттік бақылаудан тыс өтеді. Бұл жерде де нақты шаралар қажет", - деді депутат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2184929-aimagambetov-qazaqstandagy-biudzhet-tapshylygynyng-sebepterin-atady/