Павлодардағы қарақшылық шабуыл: күдіктілердің бірі Ресейден экстрадицияланды
Жарияланған күні:
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресей Федерациясынан Қазақстан азаматын экстрадициялады. Бұл туралы қадағалаушы органға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бас прокуратураның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, күдікті 2023 жылғы тамызда Павлодарда біреудің мүлкін зорлық-зомбылық арқылы иемдену мақсатында осы қылмысты жасау үшін танысымен қылмыстық келісімге келген.
Жоспарларын іске асыру үшін күдіктілер түнгі уақытты пайдаланып, мас күйінде бұрын таныс болған жәбірленушіні қараңғы жерге апарып, есінен танып қалғанша ұрып-соғып, 200 мың теңге мөлшердегі мүлкін жымқырған.
Көптеген дене жарақаты салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген.
Сыбайластардың бірі бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған, ал екінші айыпталушы қашып кеткен, сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланған.
"Осы жылдың сәуір айында ол Ресей Федерациясының Түмен қаласының аумағында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген прокуратура хабарламасында.
Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185541-qaraqshylyq-shabuyl-zhasagany-ushin-izdeude-zhurgen-qazaqstandyq-reseiden-ekstraditsiialandy/