Шымкентте қылмыс жасады деген күдікке ілінген азамат Швециядан экстрадицияланды
Жарияланған күні:
9 қарашада Бас прокуратура мен ІІМ Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Стокгольмдегі елшілігінің көмегімен бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Швеция Корольдігінен Қазақстан азаматын экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратураның Telegram-дағы арнасы хабарлайды.
Бас прокуратура мәліметінше, ол 2015–2020 жылы Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істеп жүріп, өзіне сеніп тапсырылған 57 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Биыл ақпан айында күдікті Швецияда ұсталды. Бас прокуратура өтініші бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
"Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған",- делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Айта кету керек, Швеция Корольдігімен экстрадициялау туралы келісімнің жоқтығына қарамастан, сотталушыны экстрадициялау Қазақстан Бас прокуратурасы мен Швеция Әділет министрлігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2185932-shymkentte-qylmys-zhasagan-kudikti-shvetsiiadan-ekstraditsiialandy/