Мемлекеттік еңбек инспекторлары биыл қанша заңбұзушылық анықтады
Жарияланған күні:
Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары қанша заңбұзушылық анықтап, қазақстандықтарға қалай көмектесті? Бұл туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары еліміздің кәсіпорындарында тұрақты түрде профилактикалық бақылау, сонымен қатар жоспардан тыс тексерулер жүргізеді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері келесідей:
- еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;
- жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау;
- еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысуға;
- жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету.
2024 жылдың он айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 4552 тексеру жүргізді, осының арқасында 7146 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 5310-ы еңбек саласында, 1769-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында, 67-сі жұмыспен қамту саласында.
Жұмыс берушілерге 2723 ұйғарым шығарылып, жалпы сомасы 338 млн теңге болатын 3207 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралар 80 мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғады.
Сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістегі жазатайым оқиғаларға қатысты 894 тексеру жұмыстарын жүргізді. Құқық бұзушылықтарға кінәлі лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі туралы мәселені қарау мақсатында құқық қорғау органдарына 796 жазатайым оқиғаны тергеу материалдары жолданып, олар бойынша 114 қылмыстық іс қозғалған болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық аймақтарында мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің басқармалары жұмыс істейді. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің департамент басшысы Ерлан Ысмағұлов NUR.KZ тілшісіне мемлекеттік инспекторлар қызметінің қыр-сырын баяндап берді.
"Тексерулерді жүргізуге азаматтардың тікелей арыз-шағымдары, сондай-ақ прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдардың нұсқаулары негіз болып табылады. Сонымен қатар, біз өзіміз де мониторинг жүргіземіз. Біздің құрылымға үш бөлім кіреді: еңбек қатынастары бөлімі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімі және талдау бөлімі. Команда 15 қызметкерден тұрады. Азаматтар көп душар болатын, жиі жүгінетін мәселенің бірі – жалақының төленбеуі немесе кешіктірілуі. Мәселен, 2024 жылдың қазан айында елордалық мемлекеттік инспекторлар мен прокуратура қызметкерлері 661 адамның құқығын қорғады. Көгалдандыру саласында жұмыс істейтін ірі компания оларға 144 млн теңге сомасында берешек болды. Аталмыш мәселе қысқа мерзімнің ішінде шешілгенін атап өткім келеді", – деді Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің департамент басшысы Ерлан Исмағұлов.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитет Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамына кіреді. Ол Үкімет қаулысымен ағымдағы жылдың тамыз айында құрылып, 1 қыркүйекте өз жұмысын бастады. Айта кету керек, бұрын мемлекеттік еңбек инспекторларының қызметін жергілікті атқарушы органдар реттейтін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186246-memlekettik-engbek-inspektorlary-biyl-qansha-zangbuzushylyq-anyqtady/