Top.Mail.Ru

Зектілері

Ұлытау облысында кешкі ас кезінде әріптесін пышақтаған азамат сотталды

Жарияланған күні:

Кісен салу
Кісен салу. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандық азамат әріптесінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін бас бостандығынан айырылды. Қылмыс кешкі ас кезінде болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ұлытау облыстық сотына сілтеме жасап.

Соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ұлытау аудандық сотында Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 106 бабы 1-бөлігімен айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот мәліметінше, Ұлытау ауданы Қоскөл ауылдық округіне қарасты Көктал қыстағында орналасқан тұрғын үйде жергілікті ЖШС-нің екі жұмыскері шаруа қожалық иесімен бірге кешкі ас кезінде арақ ішкен.

Кейін, шамамен сағат 23.30-да әріптестер сөзге келіп, өзара түсінспеушілік жанжалға ұласқан. Бір-біріне дауыс көтеріп, бейәдеп сөздер айтуға дейін барған.

“Кикілжің барысында бірі екіншісін қабырғаға қарай итеріп жіберген. Ашуланған айыпталушы әріптесінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, оның ішіне пышақ сұққан”, - делінген сот хабарламасында.

Сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ер адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесіне өтеуге жіберіліп, бірден сот залында қамауға алынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Автор: Динар Мұрат

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186277-ulytau-oblysynda-keshki-as-kezinde-ariptesin-pyshaqtagan-azamat-sottaldy/