Оралдағы мұғалім өлімі: сотталушының үкімі өзгеріссіз қалды
Жарияланған күні:
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Орал қаласында мұғалімді өлтірген Темір Сәрсеновке қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты соның ішінде адам өлтiру (Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі), ұрлық (Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігі) және атыс қаруын, оқ-дәрiлердi заңсыз иемдену және сақтау (Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігі) бойынша сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
2024 жылы сәуірде сотталушы бұрын таныс жәбірленушінің үйіне, екеуінің арасындағы келісім бойынша келіп соңғының компьютерін жөндеген. Содан екеуінің арасында тергеумен анықталмаған кикілжің болып, сотталушы жәбірленушіні жатын бөлмедегі диванға жығып, үстіндегі кофтасының жағасымен қылғындырған, механикалық асфиксия салдарынан соңғы оқиға болған жерде қайтыс болған.
Содан, қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізгендігіне күмәнданып, жәбірленушінің мойнына пышақ жарақатын салып, нәтижесінде мойын қан тамырлары түгел кесілген.
Содан, сотталушы жәбірленушіге тиесілі алтын бұйымдарды, әйел адамның сөмкесін, ұялы телефонын және ақшаларды иеленіп алып, жәбірленушіге 1 миллион 740 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтірген.
2023 жылдың қыркүйек айының соңында, сотталушы БҚО, Бәйтерек ауданы, Володарка ауылының маңында бола тұра, Орал өзенінің жанында, орман алқабында, "ТОЗ 17-01" маркалы карабинді, қасындағы оқ-дәрiлерімен көріп, оларды заңсыз иемденіп, тұрлықты мекен-жайында сақтаған.
Сотталушының кінәсы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген кінәсін толық мойындау жауаптарымен, жәбірленушінің, куәлардың, сарапшының айғақтарымен, оқиға болған жерді қарап-тексеру, алу, айғақтарды оқиға болған жерде тексеру хаттамаларымен, бейнежазбалармен, сараптама қорытындыларымен, соның ішінде тергеу әрекеттеріне қатысушылардан оған психологиялық қысым көрсетілмегендігімен өз дәлелін тапты.
Тараптардың позициясы
Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты қолдап, сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты жаза тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші және оның өкілі сотталушыға қатаң жаза тағайындауды және азаматтық талап арызды қанағаттандыруды сұрады.
Қорғау тарапы қылмыс құрамы болмауына байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстар бойынша ақтауды, ал ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігімен заңмен көзделген жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы өзіне тағылған айып бойынша кінәсін тек Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігімен мойындап, ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі, 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасамағандығын айтты.
Сот неге және қандай жаза тағайындады:
Жеңілдететін мән-жай ретінде жас баласының бары танылды, ауырлататын мән-жайлар жоқ.
Сот үкімімен сотталушы өзіне тағылған айып бойынша, яғни ауырлығы орташа және аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылды.
Сот, сотталушының жасаған қылмыстарының сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін ескере отыра, оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен 11 жыл мерзімге, 188-бабының 1-бөлігіме 1 жыл мерзімге, 287-бабының 3-бөлігімен 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, түпкілікті - 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталғаннан оған келтірілген 1,8 млн теңге материалдық және 10 млн теңге моральдық залалды өңдірді.
Апелляциялық сатыдағы соттың шешімі:
Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 13 қазан 2024 жылғы шешімімен үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2186976-oraldagy-mugalimi-olimi-sottalushynyng-ukimi-ozgerissiz-qaldy/