Шымкентте газбен жүретін көліктер саны 34,5 пайызға көбейген
Жарияланған күні:
Шымкентте автогазға деген сұраныс артып барады. Ал ішкі нарықты қамтамасыз етуге жоспарланған сұйытылған отын көлемі қажеттелікті өтеуге жеткіліксіз болып шыққан. Салдарынан бекеттердің біразы жабылып, көлік жүргізушілері сұйытылған газ таппай сенделіп жүрген көрінеді. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, қала аумағында 203 газ құю бекеті орналасқан. Бірақ сұйық отынның тапшылығынан көбінің жұмысы тоқтап, кейбірінде шекті мөлшерде саудаланып жатыр. Ішкі нарықтың қажеттілігі үшін қазан айында 5 мың тонна автогаз бөлінсе, қарашаға 6 мың тонна жоспарланған.
Осы орайда Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері салаға сыртқы талдау жүргізіп, сұйытылған мұнай газының тапшылығы қайдан туындағанын анықтады.
"Шымкент қаласының айлық шығыны – 10 мың тонна. Бұл ретте қала аумағына ай сайын қосымша көлемде сұйытылған газ алу қажеттілігін туындатады. Себебі 2024 жылы Шымкент қаласы энергетика басқармасымен халық саны мен көлік саны бойынша қажет көлемдегі сұйытылған газдың көлемі берілмеген", - дейді Қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Санат Құлбаев.
Полиция департаментінің дерегінше, тіркелген 463 мың автокөліктің 66 мыңнан астамы сұйытылған газбен жүреді. Соңғы 2 жылда арзандатылған жанармай түріне жабдықталған көлік құралдарының саны 34,5 пайызға өскен. Олардың сұранысын нарықтағы газ таратушы 38 субъект реттейді. Биыл бұл кәсіп иелерінің де бәсекелестік құқығы бұзылған.
"Оның себептерін анықтай келе, аталған мекемедегі газ құю стансылары басқаларға қарағанда көбірек болған. Бірақ оған қарамастан газ көлемі аз бөлінген. Сол себепті бөлу процесінде құқықбұзушылық белгілері бар деген қорытындыға келіп, қала әкімдігінің энергетика басқармасына хабарлама жолдағанбыз", - дейді Қалалық Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Ернар Қосбаев.
Энергетика басқармасының өкілдері келесі жылы салалық министрлікке айына 10 мың тонна сұйытылған газға сұраныс бермек. Сонымен қатар ішкі нарыққа газ таратушы 38 субъектіге автогазды теңдей бөлу мәселесі қарастырылатын болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187068-shymkentte-gazben-zhuretin-kolikter-sany-34-5-paiyzga-kobeigen/