Қорғаныс министрлігі өкілі әскерге барғысы келмейтіндерге қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Сенат отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтан әскери жастағы жігіттерді көшеден ұстап әкетіп, әскерге жіберудің себебі сұралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, бұл шара нақты әскерден жалтарып жүргендерге қатысты заң аясында жүргізіледі.
"Сіз айтып отырғанның барлығы заң аясында атқарылатын жұмыс. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы 18 жастан 28 жасқа дейін әскери борышын өтеуге міндетті", - деді ол.
Қорғаныс министрлігінің өкілінен отан алдындағы борышын өтеуден жалтаруға бар күш-жігерін салып жүрген жас жігіттерден қандай сарбаз шығатыны сұралып, бәлкім оларды күштеп әскерге жіберудің қажеті жоқ деген ұсыныстар айтылды.
"Біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Әскерден қашатындар да, отан алдындағы борышын өтеуге дайын жастар да бар. Көпшілігі бейімделу кезеңінен өткен соң өз пікірлерін өзгертіп жатады, басында ешқандай құлшынысы болмаған жеткіншектерден кейін жақсы сарбаз шыққанын талай көргенбіз.
Бейнероликтердегі жігіттердің неліктен қашып жатқанын нақты білмейміз ғой. Мүмкін ол қызбен кездесуге бара жатқан шығар? Немесе басқа себептері болуы керек. Әрбір жағдайды жеке қарау керек. Бірақ жастардың барлығы әскерге барғысы келмейді деп топшылауға болмайды.
Мұндай видеолар біздің министрлік беделіне нұқсан келтірері айғақ. Қашып бара жатқанда жігіттер оны ойламайды ғой. Бәлкім ол таңғы сағат 6-да болатын жаттығуға шыққысы келмейтін шығар", - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Автор: Динар Мұрат
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187303-qorganys-ministrligi-okili-askerge-bargysy-kelmeitinderge-qatysty-pikir-bildirdi/