Әскерилерге тіл үйрету туралы ереже: қорғаныс министрлігі өкілі жаңа норманы түсіндірді
Жарияланған күні:
14 қарашада сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Қатар Мемлекетінің үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлады.
Бұл құжаттың нормалары әскери білім беру және әскери қызметшілерді даярлау, әскери медицина, әскери ғылым, мәдени және спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға, жауынгерлік даярлыққа және өзге де салаларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға бағытталған.
Құжатта әскери техника тасымалдау, әуе кеңістігі мен әскери полигондарды пайдалану мәселелерін реттеу, құпия мәліметті қорғау, кеден мәселелерін реттеу, жауынгерлерге тіл үйрету және басқа да мәселелер қамтылған.
Сенат отырысында депутаттар Қазақстан қорғаныс министрлігінен әскери қызметшілерге тіл үйрету туралы ережені түсіндіруін сұрады.
"Тіл үйрету курстары бізде ұйымдастырылады. Әскери мекемеге түсу үшін араб тіліне дайындықты Қатарда өту керек. Егер Қатарда біздің әскери жоғары оқу орындарында оқығысы келетіндер табылса, онда қазақ немесе орыс тілдерінде оқытады", - деп жауап берді қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.
Сенаторлар Қазақстан мен Қатар бірлескен әскери жаттығулар өткізген уақытта қай тілді қолданады деп сұрады. Министрлік өкілі "Қатар жауынгерлері ағылшын тілін пайдаланады" деп жауап берді.
Бұған қоса, екі елдің құзырлы органдары бірлескен жұмыс тобын құрып, әскери әріптестікті үйлестіру мәселелерімен айналысады.
Автор: Талғат Дүйсенбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187414-qazaqstandyq-zhauyngerler-arab-tilin-oqidy/