Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"120 теңге – объективті баға": Шымкенттегі автогаз тапшылығының себебі белгілі болды

Жарияланған күні:

Газ тапшылығы
Газ тапшылығы. Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкенттік кәсіпкерлер автогаз тапшылығына шағымданып жатыр. Жанармай құю бекеттерінің иелері автокөліктерді газбен қамтамасыз ету үшін бөлінген көлем жеткіліксіз екенін, оның бірнеше аптаға ғана жететінін айтады. Сондықтан кәсіпкерлер сұйытылған газды бөлшек сауда бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатып алуға мәжбүр, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Жергілікті энергетика басқармасының мәліметінше, қалада айына 10 мың тоннадан астам газға сұраныс бар, алайда министрлік бөлетін лимит өткен жылғы деңгейде қалып отыр.

Басылым ақпаратына сүйенссек, Шымкенттегі автогаз жағдайы тұрақты емес. Жергілікті жүргізушілер үнемі газ тапшылығына үйреніп қалған сияқты. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытының өкілдері, мемлекеттік органдар және жанармай құю станциясы иелері неге барлық көліктерге газ құю мүмкін емес екенін түсінуге тырысқан.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар сұранысты қамтамасыз етуге дайын, бірақ бөлінген автогаз көлемі тек жарты айға жетеді. Газ тез сатылып кетеді, содан кейін бекеттер жұмыссыз қалады. Сондықтан кәсіпкерлер автогаздың бір бөлігін коммерциялық бағамен, литрін шамамен 120-130 теңгеге сатып алуға мәжбүр болып, оны шамамен екі есе арзанға сатады.

"Әр ай сайын бізде бір-екі апта автогаз станциялары жұмыс істемей тұрады. Бізде көлемді бөлу механизмі бар. Егер біз коммерциялық көлемді сатып алатын болсақ, онда келесі тоқсанда көлем артады. Бұл барлық газ құю бекеттерінің жұмыссыз қалмауы үшін жасалады", - деді Жанармай құю бекетінің бөлім басшысы Жарылқасын Бөгенбай.

Бұл жағдайда автогаз сатудан түсетін табыс іс жүзінде нөлге тең, дейді кәсіпкерлер. Жергілікті энергетика басқармасы мегаполистегі автогаз тапшылығы айына 20-25 пайызды құрайтынын және бұл тапшылықтың өсіп жатқанын айтып отыр. Мәселен, жыл басында кәсіпкерлер 8-9 мың тонна сұйытылған газға өтініш берген болса, қазір қажеттілік 10 мың тоннадан асады. Ал министрлік тек 7-8 мың тонна көлемінде газ бөлуде. Автогазбен жүретін көліктер саны артып келеді, ал бөлінген газ көлемі өткен жылмен салыстырғанда еш өзгермеген.

"Біз арнайы талдау жасадық, Шымкент қаласына бөлінген газ көлемі өткен жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ. Ал тұтыну қарқынды түрде өсіп жатыр. Қазір біз қалаға бөлінген лимитті арттыру үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз", - деді Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды даму басқармасы басшысының орынбасары Самат Мергенов.

Бірақ лимит нақты арта ма, ол әлі белгісіз. Себебі автогаз тапшылығы еліміздің барлық аймақтарында байқалуда. Кәсіпкерлер бұл мәселені шешу үшін газ бағасын көтеруді ұсынып отыр.

"Газдың бағасы қазір 120 теңге болуы керек. Бұл объективті экономикалық баға", - дейді кісіпкер Жаннат Досанова.

Бәсекелестікті қорғаушылар егер автогазды жанармай құю станциялары арасында әділетсіз бөлу жағдайы тіркелсе, кәсіпкерлер оларға жүгінуге құқылы екенін алға тартты. Биыл олар бір кәсіпкердің мүддесін қорғаған.

"Газды әділетсіз бөлу байқалса, олар бізге жүгінеді. Біз бұл фактіні растаймыз. Сосын энергетика басқармасына ескерту жасаймыз. Бүгінде қосымша 72 тонна сұйытылған газ бөлінді", - дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Ернар Қосбаев.

Бүгінде қазақстандықтардың көбі газбен жүретін көліктерді таңдайды. Себебі оның бағасы қалтаға қонымды. Тек соңғы екі жылда Шымкентте автогазбен жүретін көліктер саны үштен бірге артқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2187810-120-tengge-obektivti-baga-shymkenttegi-avtogaz-tapshylygynyng-sebebi-belgili-boldy/