"Ештеңе етпейді": вице-премьер Жұманғарин астық не себепті қар астында қалғанын түсіндірді
Жарияланған күні:
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин елдегі диқандар үкіметтен қандай көмек ала алатыны туралы сауалға жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Вице-премьердің айтуынша, елде астық көп кезде шығын да болып тұрады.
"Шын мәнінде, астық шіріп жатқан уақытта біреулер қант қызылшасын өткізу үшін элеваторларда кезекте тұрады. Өткен жылдардың баспасөзін көтерсеңіз, жылда қайталанатын жағдай екенін көресіз. Адамдар оны үлкен мәселе етіп қабылдайды. Біз мәселелердің бәрін назарда ұстап отырмыз. Тағы қайталап айтам, біз мәселелердің бәрін шешеміз. Мәселе жоқ, өзім көріп тұрған жоқпын. Не істеу керектігін білеміз. Нақты мақсатымыз бар. Оған жету жолдарын да білеміз. Біз экспортқа қатысы бар әріптестеріміздің бәрімен сөйлесіп жүрміз. Қиын мәселелер де солай шешіледі", - деді мәжілісте журналистер сауалдарына жауап берген вице-премьер.
Оның айтуынша, Қазақстанда 30 млн тонна астық бар. Соның жартысы элеваторларда, қалғаны жеке шаруашылықтарда сақталған.
"Шаруашылықтардың бәрі сапалы астықты элеваторға өткізе бермейді. Неге? Сапалы астықты сапасызына кім араластырғысы келсін. Кейбірі кезекте тұрғысы келмейді. Тағы біреулері алыссынады. Осындай жағдайда астықтың біршама бөлігі қар астында қалып қояды. Ештеңе етпейді. Көп бөлігі құрғатылып, сатылып жатыр. Бірақ жағдайы тым нашарларға біз көмектесіп отырмыз", - дейді ол.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, үкімет астықты сатып алу арқылы да шаруаларға көмектесіп келеді.
"Ұзақ уақыт сатып алмай келгенбіз. Соңғы рет, қателеспесем, 2011 жылы осындай көмек жасалған. Бірақ біз ең әуелі шағын кәсіпорындардан астық сатып алынсын деген тапсырма бердік. Өйткені бәрінен бұрын соларға ауыр тиеді".
Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын нығайтып, элеваторлар санын арттыру керек деп мәлімдеген.
Айта кетерлік жайт, республикада астықты көліктің барлық түрімен шетелге шығаруға 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған. Қазан айында "Россельхознадзор" Қазақстаннан астықты Ресейге экспорттауды уақытша тоқтатуды сұраған. Федералдық қызмет оның себебін қазақстандық өнімде зиянкестер мен бактериялар жиі табылады деген сылтаумен түсіндірген. Қазақстан жағы көрші елдің мекемесінен дәлел сұратқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2188916-eshtenge-etpeidi-vitse-premer-zhumangarin-astyq-ne-sebepti-qar-astynda-qalganyn-tusindirdi/