"Мұны тоқтату керек": Шымкент әкімі мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықтар туралы айтты
Жарияланған күні:
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қаралды. Мегаполис басшысы ең алдымен жылыту маусымында тұрғындардан келіп түскен проблемаларға тез арада кері байланыс орнату керек екенін айтты. Сондай-ақ азаматтарға құбырларды тазалау бойынша түсіндірме жұмысын тұрақты жүргізу қажет деді. Бұл туралы Шымкент әкімдігінің Telegram-дағы арнасы хабарлайды.
Күн тәртібіне сәйкес, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев өнеркәсіп саласының дамуына қатысты баяндама жасады. Айтуынша, жыл басынан бері кәсіпорындар 913,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұдан бөлек жыл соңына дейін 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 1 693 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
"Биыл 1 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев "Мемлекеттiк сатып алу туралы" жаңа заңға қол қойды. Жиында Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқарма басшысы Алмас Абаев аталған заңдағы өзгерістер туралы баяндады. Қазіргі таңда жаңа заңға сәйкес жұмыс жүргізу үшін басқарманың құрылымына өзгерістер енгізілген", - делінген хабарламада.
Әкімдік мәлметіне сүйенсек, шағымдарды қарау мақсатында жаңа бөлім ашылған және 1 штаттық бірлікте басшы орынбасары лауазымымен толықтырылған. Өйткені басқармаға жыл басынан бері 2430 шағым келіп түскен.
"Мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар заңсыздық бар екені рас. Мұны тоқтату керек. Біз мемлекеттің ақшасын жымқыратындар үшін емес, халық үшін жұмыс істейміз. Сондықтан, барлық басқарманы қатаң тексеріп, тиісті шара қолданыңыздар. Өнім берушілерден келіп түскен шағымдарды да ескеру керек. Қабылданған заң ашықтықты қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған",- деді қала әкімі.
Мәжілісте сөз алған білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлнар Дәрібаева мектеп оқушыларының оқулықпен қамтылу мәселесі туралы баяндады. Биылғы оқу жылында оқушылардың саны артуына және ескі кітаптардың тозуына байланысты оқулық қажетілігі бар. Гүлнар Дәрібаева қазіргі таңда бұл проблеманы жою үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Ғабит Әбдімәжитұлы қаладағы тазалық мәселесіне де тоқталды. Аудан әкімдері мен жайлы ортаны дамыту басқарма басшысына көше тазалығына және ағаш егу жұмысына ерекше назар аударуды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2189160-muny-toqtatu-kerek-shymkent-akimi-memlekettik-satyp-alu-salasyndagy-zangsyzdyqtar-turaly-aitty/