15 жылға сотталуы мүмкін: Шымкентте есірткі зертханасын ұйымдастырған екі күдікті ұсталды
Жарияланған күні:
Шымкентте есірткі зертханасын ұйымдастырған екі күдікті 15 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы Шымкент қалалық прокуратурасының ресми сайты хабарлайды.
Қала прокуратурасының үйлестіруімен ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қала аумағында есірткі заттарын өткізу мақсатында есірткі зертханасын ұйымдастырған екі қала тұрғынын құрықтады.
"Тінту барысында "Альфа PVP" есірткі затының 10кг жуық өнімі ұнтақ түрінде, 60 литрге жуық өнімі сұйық түрінде, 240 литр химиялық заттар(прекурсорлар) және лабораториялық құрал жабдықтар(вакуум, реактор, желдеткіш, сүзгі, таразы, фольга, гофралар, колба, жылытқыш, тоңазытқыш құралдар, респиратор, қолғап және т.б.), сондай-ақ дайын өнімдерді кептіруге арналған сөрелер анықталып, тәркіленді",- делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтарыне сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Бұл қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Күдіктілерге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. ҚПК-нің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2189447-shymkentte-esirtki-zerthanasyn-uiymdastyrgan-eki-kudikti-15-zhylga-sottaluy-mumkin/