Әйелдер қауымы отандық фильмді сынаған Болат Әбділмановтың сөзіне наразылық білдірді
Жарияланған күні:

Бұған дейін танымал актер Болат Әбділманов "Жезтырнақ" фильміндегі әйелдер үстемдігіне наразылығын білдірген еді. Әйелдер қауымы актердің бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.
Актер өзінің Instagram-дағы парақшасында ежелден бері қазақ жерінде әйелдер отбасын ешқашан билеп-төстемегенін айтты. Оның сөзінше, бұл үрдіс мемлекеттіліктің жойылуына әкеп соғуы мүмкін.
Болат Әбділмановтың оқырмандары мен Фариза Ескермес актердің ойымен келіспейтінін жеткізді.
"Ұлы Отан соғысы кезіндегі Мәншүктің жанқиярлық ерлігі ар-намыстың, батылдықтың дәлелі. Жасы небәрі 20-ға толған қыз дұшпанына тік қарап, пулеметті қолына алып, шайқасқан. 1943 жылдың 15 қазанында Невель түбінде ерлікпен көз жұмды. Ал "Жезтырнақ" фильміне келетін болсақ, ол – кино. Кино деген – өнер. Өнер бір типті болмайды, өнерде де әлеуметтік мәселелерді тыққылағанды қояйықшы, өтініш!
Неге сіздер қазақ әйелдеріне тиісе бересіздер? Неге әйел қауымын тәрбиелеумен айналыса бересіздер? Неге бізді сонша үйде отырғызып қоюға құмарсыздар? Мен еркекке мотицавиця беріп, оның жағдайын жасау үшін ғана туған жоқпын. Ондай болған жаман емес, жақсы, аналарымыздың көбі әкелеріміздің, бала-шағасының қамын ойлап үйде отырды. Бірақ бұл заман мен ол заманды салыстырмайықшы.
21-ғасырдың әйелінде арман көп, мақсат көп. Ол арманға жеткізетін, Құдайға шүкір күш-қуатымыз бар, мүмкіндік бар. Онда неге үйде отырғызуға әлексіздер? Сіздер бізді үйде қамаған сайын, біз көкке ұшамыз. Біз тұлғамыз", - деп жазды актриса Фариза Ескермес Instagram-парақшасының Stories бөлімінде.
Сонымен қатар актердің жазбасына байланысты пікірін білдірген оқырмандар қазақтың батыр қыздарының ерліктерін еске алды:
"Қазақстанда ұлы әйелдер, батыр қыздар – Абылай сұлтанның қызы Айтолқын, Қарасай батырдың қызы Есенбике, Бұланбай батырдың қызы Айбике жоңғарларға қарсы шайқастарға қатысқан. Қабанбай батырдың жары Гаухар барлаушылар тобын басқарған. Күйеуімен бірге сол заманның барлық ірі ұрыстарына қатысқан. Ондаған жылдан соң шайқасқа қыздары Назым да аттанды", - деп жазады оқырмандар.
Алайда актердің ойын қолдаған да адамдар болды. Фильм және әйелдер жайлы айтылған бұл видео 68,5 мың қаралым, 100-ден астам комментарий жинап 300-ге жуық қолданушыға жіберілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2189642-aielder-qauymy-otandyq-filmdi-synagan-bolat-abdilmanovtyng-sozine-narazylyq-bildirdi/