Қостанайдағы өртке жауапты орман шаруашылығының экс-басшысына 40 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды
Жарияланған күні:
Қостанай қалалық соты 2022 жылдың қыркүйегінде Басаман және Семиозерный орман шаруашылығы аумақтарын шарпыған алапат өрттен келтірілген залалды өтеу туралы істі қарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жоғарғы сотының ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот "Басаман" орман шаруашылығы мекемесінің бұрынғы басшысы өкілеттігін асыра пайдаланып, өрт қаупі жоғары маусымда орман қорында адамдардың жүруіне тыйым салынғанына қарамастан, жеке бригадаға ағаш кесу жұмыстарын жүргізуге заңсыз рұқсат бергенін анықтады.
"Соның салдарынан ағаш кесу кезінде құрал-жабдықтардың дұрыс жұмыс істемеуінен от тұтанып, 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Басаман және Семиозерный орман шаруашылығының аумақтарын, сондай-ақ Әулиекөл ауданының Аманқарағай және Озерное ауылдары жалынға оранды", –- делінген Жоғары соттың Telegram-дағы арнасында.
Өрт салдарынан 32 мың гектардан астам орман жойылып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне орасан зор залал келтірілді.
Сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, жауапкерден:
- мемлекет кірісіне – 21 млрд 436 млн теңге,
- облыстық бюджетке – 18 млрд теңге,
- аудандық бюджетке – 326 млн теңге залал өндіріп алуға шешім шығарды.
Ал айыпталушының жұбайына қатысты ортақ мүліктен үлес алу туралы талап мерзімінен бұрын қойылған деп танылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Қостанай облыстық соты айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салумен қатар, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2190491-qostanaidagy-ortke-zhauapty-orman-sharuashylygynyng-buryngy-basshysyna-21-mlrd-tengge-aiyppul-salyndy/